
Депутат Наталья Годунова премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында үкіметтің республикалық бюджет тапшылығын 2027 жылғы 4,6 трлн теңгеден 2029 жылы 1 трлн теңгеге дейін қысқарту жоспары қаншалықты шынайы екенін сұрады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Депутат соңғы жылдары бюджет тапшылығының ақшалай көлемі ұлғайып келе жатқанына назар аударды. ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі азайғанымен, жетіспейтін қаражатты Ұлттық қордан және мемлекеттік қарыз алу арқылы жабу қалыпты тәжірибеге айналғанын айтты.
Наталья Годунованың сөзінше, үш жылдық бюджет жобасында 2027 жылғы тапшылық 4,6 трлн теңгеге дейін ұлғайтылған. Ал былтырғы болжам бойынша, бұл көрсеткіш 3,7 трлн теңге болуы керек еді. Осылайша, үкімет жоспарлы көрсеткішті шамамен 1 трлн теңгеге немесе 40%-ға арттырған.
Сонымен қатар бюджет жобасында 2029 жылы тапшылықты 1 трлн теңгеге дейін, яғни төрт еседен астам қысқарту көзделген.
Депутат осы мақсатқа қандай шаралар арқылы қол жеткізу жоспарланып отырғанын және мұндай болжамның қаншалықты шынайы екенін сұрады.
Премьер-министр Олжас Бектенов атағандай, үкімет республикалық бюджет тапшылығын азайту үшін кірістерді арттырып, шығыстарды оңтайландыруды жоспарлап отыр.
Олжас Бектенов үш жылдық бюджет көрсеткіштерін алдын ала дәл болжау қиын екенін мойындады. Оның айтуынша, экономикалық жағдайдың қалай өзгеретінін бірнеше жыл бұрын нақты болжау мүмкін емес. Мысалы, 2025 жылы 2026-2028 жылдарға бюджет әзірленген кезде 2027 және 2028 жылдардағы экономикалық ахуалды дәл анықтау қиын болған.
Сондықтан үш жылдық бюджет жыл сайын қайта қаралып, экономикалық жағдайға байланысты жекелеген көрсеткіштер түзетіледі. Премьер-министрдің айтуынша, биылғы бюджет жобасын әзірлеу кезінде де осы тәсіл қолданылған.
«Бюджет тапшылығын қысқарту – негізгі басымдықтардың бірі. Үкімет бұрын да, қазір де бюджет кірістері мен шығыстарының арасындағы айырманы барынша азайтуға ұмтылады», – деді Бектенов.
Оның айтуынша, тапшылықты азайтудың екі негізгі жолы бар: бюджет кірістерін арттыру және шығыс бөлігін оңтайландыру. Үкімет осы екі бағытта да жұмыс жүргізіп жатыр.
Бюджет кірісін 3,5 трлн теңгеге арттыру жоспарланған
Премьер-министрдің мәліметінше, үш жылдық республикалық бюджет жобасында кірістерді 2027 жылғы 19,9 трлн теңгеден 2029 жылы 23,4 трлн теңгеге дейін арттыру көзделген. Осылайша, бюджет кірісі 3,5 трлн теңгеге ұлғаюы мүмкін.
Бектенов бұл көрсеткішке экономиканың өсуі және соның нәтижесінде салық салынатын базаның кеңеюі арқылы қол жеткізуге болатынын айтты. Сонымен қатар салықтық әкімшілендіруді жетілдіру есебінен де бюджетке түсетін кірісті арттыруға мүмкіндік бар деп есептейді.
«Біздің бағалауымыз бойынша, кірістердің 3,5 трлн теңгеге өсуі – біршама ұстамды болжам. Бюджет кірістерін бұдан да көбірек арттырамыз деп үміттенеміз», – деді ол.
Премьер-министр салық реформасының нәтижелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, реформаның экономикаға және бюджет кірістерінің өсуіне оң ықпал етіп жатқаны байқалады.
Үкімет бюджет шығыстарын 6,7 трлн теңгеге қысқартқан
Шығыстарды оңтайландыру жұмысы да тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Бектеновтің сөзінше, мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік органдарға арналған әкімшілік ғимараттар салуға мораторий жарияланған. Бұл – едәуір қаражатты қажет ететін шығыс бағыттарының бірі.
Бұдан бөлек, 2026 жылы бюджетті түзету кезінде 360 млрд теңгенің шығысы қысқартылып, қаражат басқа, басым бағыттарға қайта бөлінген.
2027 жылға арналған бюджетті әзірлеу барысында жалпы сомасы 36,9 трлн теңгеге өтінім түскен. Алайда үкімет келесі жылға арналған шығыстарды 30,2 трлн теңге көлемінде бекіткен. Яғни өтінімдерде көрсетілген қаражат көлемі 6,7 трлн теңгеге қысқартылған.
Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтарға бағытталады
Олжас Бектенов мемлекеттік шығыстарды қысқартудың тағы бір бағыты ретінде әлеуметтік қолдау жүйесін реформалауды атады.
Оның айтуынша, қазір үкімет әлеуметтік көмек көрсету кезінде азаматтың қай санатқа жататынына ғана емес, оның нақты мұқтаждығына басымдық беретін тәсілге көшіп жатыр. Бұл қағидат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап толық қолданылады деп жоспарланған.
Премьер-министр мысал ретінде көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмекті келтірді. Қазіргі жүйеде отбасының табысы мен материалдық жағдайына қарамастан, бір санатқа жататын азаматтар бірдей қолдау шараларын алуы мүмкін. Үкімет мұны өзгертіп, мемлекеттік көмекті өздігінен күнкөрісін қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға бағыттауды көздеп отыр.
Бектеновтің пікірінше, материалдық жағдайы жақсы, өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтар мемлекеттік көмекке мұқтаж емес. Ал қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсетіліп, олардың кейін өз күнін өзі көруіне жағдай жасалуы керек.
Ол мемлекеттік көмекті тұрақты төлем ретінде емес, адамның қиын жағдайдан шығуына және өздігінен өмір сүруіне мүмкіндік беретін құрал ретінде қарастыру қажет екенін айтты.
Премьер-министрдің бағалауынша, әлеуметтік қолдау жүйесін өзгерту нәтижесінде 2027 жылы шамамен 700 млрд теңге, ал үш жыл ішінде жалпы 2,5 трлн теңгеге жуық қаражат үнемделуі мүмкін. Бұл қаражатты мемлекет үшін маңызды басқа бағыттарға қайта бөлуге мүмкіндік туады.
Бектенов үкімет бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен азайту бағытындағы жұмысты жалғастыратынын айтты. Сонымен бірге үш жылдық бюджет болжамдары экономикалық жағдайға қарай жыл сайын қайта қаралып, түзетілуі мүмкін екенін еске салды.
Келесі жлдан бастап елімізде жәрдемақылардың 14 түрін тағайындау тәртібі өзгереді.