
«Отбасы банк» Қазақстан қор биржасына өз жарғысына өзгерістер енгізгенін хабарлады. Бұл өзгерістер қаржы ұйымына ислам банкингі талаптарына сай операциялар жүргізуге мүмкіндік бермек.
Жаңа ережеге сәйкес, банк жеке және заңды тұлғаларға шариғат талаптарына сай банк шоттарын ашып, жүргізе алады, сондай-ақ пайызсыз депозит қабылдайды.
Сонымен қатар сыйақы алмастан, мерзімділік пен қайтарымдылық шартымен ақшалай қарыз беріп, ислам операцияларын жүзеге асыру кезінде агенттік қызмет атқарады.
Банкте ислам қаржыландыру қағидаттарын сақтау үшін арнайы Кеңес жұмыс істейтін болады.
Бұл өзгерістер заңнамаға енгізілген түзетулер мен банктің қызметін кеңейтуге байланысты қабылданған. Дегенмен жаңа өнімдердің нақты қашан іске қосылатыны әзірге көрсетілмеген.
Бұған дейін Отбасы банк мемлекеттік сыйақыны жаңа тәсілмен төлеуге ниетті екенін хабарланған. Оператор тұрғын үй жинақ салымы бойынша Мемлекеттік сыйақының жартысын, яғни 50%-ын Отбасы банк бюджеттен емес, өз табысынан алуға тиіс.