
Құрылтайда өткен брифингте Kursiv.media тілшісі қаржы министрі Мәди Такиевтен бюджетке қосылған құн салығы түсімдері бойынша жоспар неге орындалмағанын сұрады.
Тоғыз айда ҚҚС түсімі 5,92 трлн теңгені құрады. Бұл жоспарланған көлемнің 89,6%-ы ғана. Осының салдарынан бюджет ҚҚС бойынша жоспардағы сомадан шамамен 685,8 млрд теңге аз алды. Осының себебін қаржы министрі түсіндіруге тырысты.
«Осы тоғыз айдағы көрсеткіштер бойынша салыққа келсек, былтырмен салыстырғанда 130,3 пайызға немесе 3 трлн теңгеге көп жиналды. Бірақ біздің жоспарымыз өте ауқымды. Оның ішінде қосымша құн салығы кен орындарынан көп жиналды. Жыл басынан бері 811,5 млрд қосымша құн салығы жиналды»,- деді Такиев.
Ал премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚҚС бойынша жергілікті атқарушы және орталық органдардың бюджетін алсақ, 1 қазандағы жағдай бойынша 3 трлн 600 мың теңге жиналғанын айтты.
«Қазір тоғыз ай өтті. Он екі айды есептесек, былтыр айтқан 4 трлн теңгеге жетуге мүмкіндік бар. Сондықтан қазір аз деп, көп деп айтуға болмайды. Біз жылдың аяғына дейін қажетті деңгейге шығамыз деп ойлаймыз»,- деді Жұманғарин.
Үкімет тоғыз айдың қорытынды есебін таныстырғанда қосымша құн салығынан бюджетке түсім аз орындалғаны белгілі болған еді.