
Астана қаласында қоғамдық көлікте жол жүру ақысы төлем түріне және маршрут санатына қарай белгіленді. Тиісті қаулыға сәйкес, электронды төлем кезінде қала ішіндегі қарапайым автобустарда жол жүру құны 150 теңге болса, экспресс-маршруттарда 300 теңгені құрайды, деп жазады Kursiv.Media.
Қолма-қол ақшамен төлеу кезінде тариф жоғары болады. Қала ішіндегі қарапайым маршруттарда жол жүру ақысы 300 теңге, ал экспресс-автобустарда 400 теңге болып белгіленген.
Қала маңына қатынайтын автобустарда электронды төлем жасаған жағдайда жол жүру ақысы әр шақырымға 13 теңгеден есептеледі. Қолма-қол төлем кезінде бір шақырымның құны 19 теңгені құрайды.
Қаулыда электронды төлем жүйесі істен шыққан жағдайда жолаушылардың тегін жүретіні де көрсетілген.
Сонымен қатар Астана әкімдігінің жаңа қаулысымен 2024 жылғы 16 шілдедегі № 503-2348 қаулының күші жойылады.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Осыған дейін жолақыны 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылған кезде, өзгеріс желтоқсаннан бастап күшіне енеді деп хабарланған еді.