Қарағандыда шахта жабдықтарын жөндейтін зауыт ашылды

Жарияланды 16 Қазан 2026 12:05

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Металл конструкцияcы мен бетон өндіретін «Almaty W. S.» зауыты
Әлемнің жетекші өндірушілерінің техникасын Қарағандыда қалпына келтіруге болады/ gov.kz

Қарағандыда тау-кен және шахта жабдықтарын жөндеп, қалпына келтіретін сервистік қызмет көрсететін зауыт ашылды, деп хабарлайды Kursiv.media.

Аумағы 6 мың шаршы метрден асатын зауытта Caterpillar, Epiroc, Sandvik және Volvo сияқты әлемдік өндірушілердің техникасына қызмет көрсету жоспарланған.

Компанияның мәліметінше, өндірістік алаң диагностикалық жабдықтармен қамтылған. Зауытты ашқан Central Asia Mining Services компаниясы әлемдік өндірушілердің түпнұсқа қосалқы бөлшектерін де жеткізеді.

Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдақаримов жаңа зауыт өңірдің тау-кен өнеркәсібіне қажетті сервистік инфрақұрылымды дамытуға ықпал ететінін айтты.

«Мұндай жобалардың дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті мамандардың кәсіби сервистік біліктілігін арттыруға және өңірде заманауи өнеркәсіптік экожүйені қалыптастыруға ықпал етеді», – дейді ол.

CAMS бас директоры Шолпан Медельбекованың айтуынша, Қазақстанда тау-кен жабдықтарын жөндеу және олардың бөлшектерін қалпына келтіру нарығы әлі қалыптасып жатыр. Компания осы салада кәсіби сервистік қызметтерге деген сұранысты қанағаттандыруды көздейді.

Зауыт жанынан CAMS Training Center оқу орталығы да құрылды. Мұнда мамандарға арналған тренингтер, шеберлік сабақтары және салалық кездесулер өткізіледі.

Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, Central Asia Mining Services ЖШС 2025 жылғы 28 қарашада тіркелген. Компанияның негізгі қызмет түріне тау-кен және кен өндіру өнеркәсібіне арналған жабдықтар шығару жатады.

Компанияның салық аударымы 2025 жылы 16,9 мың теңге, ал 2026 жылы 82,75 млн теңге болғаны көрсетілген.

Тағы да оқыңыз: Павлодар облысында жылына 500 мың тонна кен өңдейтін фабрика салынады

Сондай-ақ оқыңыз