
Қазақстан 2031 жылға қарай металлургия мен өңдеу саласына 20 миллиард доллар инвестиция тартуды көздеп отыр. Ол үшін ел Орталық Азияда бірінші болып Дүниежүзілік банктің жаһандық бастамасына қосылды. Басты мақсат шикізатты жай сатпай, оны ел ішінде терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар өнім шығару болып отыр, деп жазады Kursiv.Media.
16 қазанда Қазақстан Орталық Азияда бірінші болып Дүниежүзілік банк тобының жаһандық Metals and Minerals Compact бастамасына қосылды.
TENGENOMIKA telegram арнасының деректеріне қарағанда, бұл келісімнің артында үлкен міндет тұр: шикізатты шетелге арзан сатпай, оны ел ішінде өңдеп, әлемдік нарыққа қымбатырақ дайын өнім ретінде шығару.
Келісім нені көздейді?
Қазақстан мен Дүниежүзілік банк 2026-2030 жылдарға арналған ынтымақтастық бағыттарын келісті.
Бағдарлама қаржылық, аналитикалық және техникалық қолдауды біріктіреді. Оның негізгі бағыттары – геологиялық барлауды дамыту, инфрақұрылымды жаңарту, реттеуді жетілдіру және жеке капиталды тарту.
Геологиялық деректерді цифрландыруға, энергетикалық және көліктік инфрақұрылымға, өңдеу технологияларына және мамандарды даярлауға жеке назар аударылады.
Бұл шарттар инвесторлар үшін практикалық маңызға ие. Геологиялық ақпараттың қолжетімділігі кен орындарын бағалау кезіндегі тәуекелді азайтады, ал инфрақұрылым күрделі шығындар мен болашақ жобалардың экономикасына әсер етеді.
20 млрд доллар қайдан келеді?
Инвестициялық жобаларды қолдау және халықаралық компанияларды тарту үшін Дүниежүзілік банк тобының қаржылық және кепілдік құралдарын пайдалану көзделген.
Айта кету керек, 20 млрд доллар – нақты бөлінген қаржы емес, бағдарлама аясында тартылуы тиіс инвестицияның жоспарланған сомасы.
Инвестицияның нақты мөлшері нақты жобалар бекітілгеннен кейін белгілі болады.
Бұл жоба Қазақстан үшін неге маңызды?
Қазақстан үшін шикізат сатудан түскен пайданың негізгі бөлігі елде қалуы өте маңызды.
Кен өндіру тек шикізат көлемін көбейтсе, оны ел ішінде өңдеу жаңа зауыттар ашуға, қосымша жұмыс орындарын құруға және отандық өндірісті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Дегенмен өңдеу зауыттарын салу үшін қомақты бастапқы капитал, үздіксіз электр қуаты және дайын өнімді сататын сенімді нарық керек.
Metals and Minerals Compact бастамасына қосылу халықаралық инвесторлармен және қаржы институттарымен ынтымақтастықтың қосымша арнасын ашады.