«Махаббат бізге оңай келген жоқ»: Дариға Бадықова жеке өміріне қатысты сырын бөлісті

Жарияланды 17 Қазан 2026 16:25

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Екі жұлдыз үйленуге бірден шешім қабылдамаған/ Фото: Ләйлә Сұлтанқызының парақшасынан

Актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі жазбасында Олжас Абай екеуінің қарым-қатынасы бірден басталмағанын, мінездерінің ұқсастығы салдарынан жиі келіспей қалатындарын айтты, деп жазады Kursiv.media.

Бадықованың сөзінше, екеуі алғаш танысқанда бірден ғашық болмаған. Бастапқыда бірге жұмыс істеп, түсірілім алаңында жиі кездескен. Алайда екеуінің де өз көзқарасы мен қалыптасқан мінезі болғандықтан, ортақ тіл табысу оңайға соқпапты.

«Басында бәрі әдемі болмайды. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды. Екі талантты, екі мінезді, өз әлемі қалыптасқан, өз талғамы бар, екеуі де «сен тұр, мен айтайын» деп тұрған адамдарға қиын болды. Жалпы біз кездескен күннен бастап бірден ғашық болған жоқпыз. Тек жұмыс, түсірілім деп жүрдік. Күнде ұрысып қалатынбыз. Ол да қайтпайды, мен де қайтпаймын. Жылдар өте, уақыт өте келе эмоцияны ақылға сала бастадық», – деп жазды актриса.

Өнер иесі қарым-қатынастарының алғашқы кезеңінде бір-біріне ренжіп, тіпті әлеуметтік желіде бұғаттап тастайтын кездері болғанын да жасырмады. Оның айтуынша, Олжас Абай ренішті басу үшін гүл, сақина мен сырға сыйлап, татуласуға алғашқы қадам жасайтын.

«Екеуміз сәл ренжіссек, Олжас сақина, сырға, түрлі гүл сыйлайтын. «Енді ұрыспайық» дейтін. Ер адамға тән қадамдар жасайды. Оқырмандарым «тіпті бір-біріңізден отписка жасаған кездеріңіз болды ғой» деп жазып жатыр. Иә, бала сияқты бір-бірімізді блокқа жіберетінбіз. Бізге махаббат оңай келген жоқ», – деді ол.

Дариғаның айтуынша, отбасын құру туралы шешім де бірден қабылданбаған. Екеуі жауапкершіліктен қорқып, бір кезеңде қарым-қатынасты тоқтатуға бел буған. Алайда бір-бірінен алыстаған сайын, бірге болуға деген ықыластарының басым екенін түсінген.

Актриса тіпті Олжасты ұмыту үшін Балиден Дубайға ұшып барғанын айтты. Дубайдан қайтатын уақыт жақындағанда, сүйіктісінен хабарлама алған.

«Таңертең хабарлама келіпті. «Дариға, қалайсың? Қашан қайтасың?» деп жазыпты. Жауап бермедім. Екі сағаттан кейін «Сені әбден сағындым» деп жазды. Маған да керегі сол еді. Билет алып, ұшып келдім. Келген күні осы сырғаны алып, «Үйленейік» деді. Міне, өткен тарих», – деп еске алды Дариға Бадықова.

Осылайша, бір-бірін ұмытуға тырысқан қос өнер иесі қайта табысып, бірге болуға шешім қабылдап, үйленген.

Сондай-ақ оқыңыз