Ақтолқын Сейілбекова мен Зарина Раифова Азия Пара ойындарының чемпионы атанды

Жарияланды 21 Қазан 2026 11:11

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: turkistan_sport_basqarmasy

Қазақстандық пара дзюдошылар Ақтолқын Сейілбекова мен Зарина Раифова Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Екі спортшы да төрт кездесуде жеңіске жетіп, Қазақстан қоржынына екі алтын медаль салды. Жалпы 21 қазанда ұлттық құрама төрт алтын жүлде иеленді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Ақтолқын Сейілбекова пара дзюдодан J1 санатында 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсті. Айналмалы жүйе бойынша өткен жарыста қазақстандық спортшы төрт белдесу өткізіп, барлығында қарсыластарынан басым болды. Осылайша, Азия Пара ойындарының алтын медалін жеңіп алды.

Зарина Раифова да J2 санатында 70 келіден жоғары салмақта төрт кездесу өткізіп, қарсыластарының бәрін жеңді. Нәтижесінде қазақстандық пара дзюдошы чемпион атанды.

Қазақстандық велошабандоздар да екі алтын алды

21 қазанда Қазақстан құрамасының қоржыны пара велоспорттан тағы екі алтын медальмен толықты.

Наиль Ермұханбет B санатында 20 шақырымға жекелей уақыт жарысында 34 минут 09,17 секунд нәтижемен бірінші орын иеленді. Онымен бірге өнер көрсеткен пилот Руслан Әлиев те Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.

Осы жарыста Кирилл Ильюкевич пен Глеб Бруссенский қашықтықты 35 минут 26,64 секундта аяқтап, күміс медаль жеңіп алды.

Әйелдер арасында Анастасия Калаус пен оның пилоты Полина Братчикова да алтын жүлдегер атанды. Қазақстандық тандем B санатында 15 шақырымға жекелей уақыт жарысында 32 минут 21,54 секунд нәтиже көрсетті.

Қазақстан құрамасы тағы бірнеше жүлде иеленді

Жеңіл атлетикадан Ислам Сәлімов T13 санатында ұзындыққа секіруден күміс медаль жеңіп алды. Оның үздік нәтижесі 6,30 метр болды.

Садақ атудан да Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті. Темірлан Сейітқамал мен Нұршат Төлеуқасым W1 санатындағы жұптық жарыста финалға дейін жетті. Алайда шешуші кезеңде Қытай құрамасына жол беріп, күміс жүлдегер атанды.

Ал Махамбет Серікқалиев F53 санатында ядро серпуден 6,81 метр нәтижемен үшінші орынға ие болып, қола медаль жеңіп алды.

Қазақстан қоржынында 31 медаль бар

21 қазандағы жарыстардың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы V Азия Пара ойындарында 31 медаль иеленді. Оның тоғызы – алтын, он – күміс, он екі – қола.

Осылайша, қазақстандық спортшылар бір күнде төрт алтын медаль жеңіп алды. Оның екеуін пара дзюдошылар, қалған екеуін пара велошабандоздар иеленді. V Азия Пара ойындары Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында 18–24 қазан аралығында өтіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз