
Қазақстандық пара велошабандоздар Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында бір күнде екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды. Наиль Ермұханбет пен Руслан Әлиев, сондай-ақ Анастасия Калаус пен Полина Братчикова чемпион атанса, Кирилл Ильюкевич пен Глеб Бруссенский күміс жүлдегер болды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
21 қазанда Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия Пара ойындарында қазақстандық велошабандоздар жоғары нәтиже көрсетті.
Ерлер арасындағы B класындағы жекелей уақыт жарысында Наиль Ермұханбет пен Руслан Әлиевтен құралған қазақстандық тандем 34 минут 9,17 секунд нәтижемен бірінші орын иеленді.
Бұл сында күміс медаль да Қазақстан құрамасына бұйырды. Кирилл Ильюкевич пен Глеб Бруссенский қашықтықты 35 минут 26,64 секундта аяқтап, екінші орынға тұрақтады.
Осылайша, қазақстандық спортшылар бір жарыста алтын және күміс медаль жеңіп алды. Ал Индонезия өкілдері 40 минут нәтижемен қола жүлдегер атанды.
Қазақстандық қыздар да алтын медаль жеңіп алды
Әйелдер арасындағы пара велоспорт жарысында Анастасия Калаус пен Полина Братчикова да чемпион атанды.
B класындағы жекелей уақыт жарысында стокер Анастасия Калаус пен пилот Полина Братчикова 32 минут 21,54 секунд нәтиже көрсетіп, алтын медаль иеленді. Қазақстандық тандем екінші орын алған Өзбекстан спортшыларынан 24,28 секундқа озып кетті.
Өзбекстандық велошабандоздар қашықтықты 32 минут 45,82 секундта аяқтап, күміс жүлде алды. Ал Сингапур өкілдері 34 минут 31,92 секунд нәтижемен үшінші орынға ие болды.
Бұл – Анастасия Калаус пен Полина Братчикованың Аичи-Нагоядағы екінші медалі. Бұған дейін олар тректегі 4 шақырымдық жекелей із кесу жарысында күміс жүлдегер атанған болатын.
Қазақстан қоржынына жетінші алтын түсті
21 қазандағы екі жеңістен кейін Қазақстан құрамасының V Азия Пара ойындарындағы алтын медаль саны жетіге жетті.
Бұған дейін Давид Дегтярев пара пауэрлифтингтен, Еркін Ғаббасов пара нысана көздеуден, Ибрагим Нұрмаханұлы мен Бексұлтан Құлмырза пара дзюдодан, ал Диас Кенжебек пара жүзуден чемпион атанған еді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы 21 қазанда пара велоспорттан екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алып, жүлде қорын толықтырды.