
Төрт балалы отбасыға Алматы мен Астана секілді ірі қалаларда еш нәрседен тарықпай өмір сүруі үшін ай сайын 4 млн теңге қажет. Бұл туралы BCC Invest жасаған «лайықты өмір индексінде» жазылған.
Сарапшылар азаматтардың елдегі ірі қалаларда «лайықты» өмір сүруі үшін қанша ақша керек болатынын есептеп көрген. Есептеу тәсілі Қазақстанның нақты жағдайы мен халықаралық Minimum Income Standard (Ең төменгі табыс стандарты) әдістемесін негізге ала отырып әзірленген.
Индекске сәйкес, ең қымбат қала – Алматы болса, лайықты өмір сүруге ең қолайлы шаһар – Қызылорда. Алматыда жалғыз басты ер адамның бүкіл шығыны 1 млн 39 мың теңге болса, әйел адамдікі 1 млн теңгеден сәл асады.
Ал 4 баласы бар, әкесі мен шешесіде жұмыс істейтін отбасының балаларды толық қамтамасыз етуі үшін Астана мен Алматы қаласында 4 млн теңгеден аса ақша табуы керек.
Сарапшылар бұл индекске тұрғын үй, азық-түлік, көлік, білім беру, медицина мен демалысқа жұмсалуы мүмкін қаржыны енгізген.
Зерттеу елдің 17 қаласын қамтып, отбасылардың 13 түрлі санатын бағалады. Олардың қатарында жалғызбасты азамат, зейнеткерлер, ерлі-зайыптылар және көп балалы отбасылар бар.
Соңғы он жылда Қазақстан халқының табиғи өсімі біртіндеп баяулап келеді. Covid-19 кезіндегі «бэби-бум» уақытша өсімді көрсетті.