
Қарашада елде тағы бір сайлау өтеді, бұл жолы мәслихат депутаттары сайланады. Одан бөлек оқушылар демалыстан шығып, Назарбаев зияткерлік мектептеріне құжат қабылдау басталады. KursivMedia күздің соңғы айындағы өзгерістерге шолу жасады. Ішінде жаңа фильмдер мен әуе рейстеріне қатысты өзгерістер де бар.
Мәслихат сайлауы
29 қарашада Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Кандидаттарды тіркеу 1 қараша сағат 18:00-де аяқталады.
Мәслихат депутаттары бес жылға сайланады. Сайлау науқаны кезінде 227 мәслихатқа 3 447 депутатты сайлау жоспарланған. Оның ішінде 668 мандат облыстық, 626 мандат қалалық және аудандық мәслихаттарға тиесілі болады.

Бөлінетін қаражатқа келсек, республикалық маңызы бар қалалар, облыстар мен Астана мәслихаттарына үміткерлерге теледидар мен радио арқылы сөз сөйлеуге, сондай-ақ интернет-басылымдарда екі мақала жариялауға 410 мың теңгеге дейін қарастырылған.
Үгіт-насихат материалдарын шығаруға 180 мың теңге, көлік шығыны ретінде әр кандидатқа 110 мың теңге бөлінеді. Қала және ауданның мәслихат депутаттығына кандидаттарға көлік шығыны ретінде 80 мың теңгеден бөлінген.
Қарызы бар компаниялар директорын ауыстыра алмайды
1 қарашадан бастап 45 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК), яғни 194 625 теңгеден асатын салық берешегі бар және оны төрт ай бойы төлемеген компаниялар басшысын және заңды мекенжайын өзгерте алмайды.
45 АЕК мөлшеріндегі берешекке салық қарызымен қатар кедендік төлем, баж, пайыз бен өсімпұл да кіреді. Егер салық төлеуші берешегі пайда болған күннен бастап төрт ай ішінде өтемесе, мемлекеттік кірістер комитеті компанияның директорды немесе заңды мекенжайды өзгерту туралы өтінішін қабылдамайды.
Мамандардың айтуынша, салық берешегі бар компаниялар қарыздарын үйі жоқ адамдардың атына аударып, бір өңірден басқа өңірге көшіп отырады. Жаңа норма осындай әрекеттерге тосқауыл қою мақсатында енгізілді.
Токиоға тікелей рейс
Әуе рейстеріне қатысты өзгерістердің арасында Қазақстан – Жапония бағыты да бар. Air Astana ұшағы Алматы – Токио бағыты бойынша 30 қарашада ұшады. Рейстер аптасына екі рет Airbus A321LR ұшағымен Нарита әуежайына қатынайды. Ұшақ салонында бизнес және эконом-класс қарастырылған.

Алматыдан Токиоға KC171 рейсі дүйсенбі және бейсенбі күндері сағат 21:55-те ұшып, келесі күні сағат 09:25-те Жапония астанасына жетеді. Ал KC172 кері рейсі сейсенбі және жұма күндері сағат 10:55-те ұшып, Алматыға сағат 16:20-да қонады.
Алматыдан Токиоға дейін ұшу уақыты – 7 сағат 30 минут, ал кері бағытта 9 сағат 25 минутты құрайды.
Екінші тоқсан басталады
2 қарашада мектептерде екінші тоқсан басталады. Оқушылар демалысқа 26 қазанда шықты. Жеті күн демалыстан кейін дүйсенбіде сабақ басталады.
Айта кетейік, оқу жылы 1 қыркүйекте басталды, 2027 жылдың 25 мамыры аяқталады.
Назарбаев зияткерлік мектептеріне қабылдау басталады
Назарбаев Зияткерлік мектептері 7-сыныпқа қабылдау үшін құжат тапсыру 2026 жылдың 23 қарашасы басталып, 28 желтоқсанға дейін жалғасады.
Өтінішті eGov.kz порталы арқылы онлайн немесе мектептердің қабылдау комиссияларына қағаз түрінде беруге болады. Кешенді тестілеу 2027 жылдың 26-27 наурызы өтеді.
Магистратура мен докторантураға түсу
28 қазанда магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге және докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау басталды. Кешенді тестілеуге өтініш беру 10 қарашада аяқталады.
Докторантураға түсу емтиханына қатысуға өтінішті де 10 қарашаға дейін беру қажет. Докторантураға түсу үшін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді, сондай-ақ шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсыну керек. TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар емтихан басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуді тапсырады.
Қандай фильмдер көрсетіледі?
12 қарашадан бастап Қазақстан кинотеатрларында жазушы Шыңғыс Айтматов туралы фильм көрсетіледі. Фильмде жазушының отбасы мен балалық шағында көрген қиындықтар, шығармашылық жолы көрсетіледі. Фильм режиссері – Қаныбек Калматов.
Фильмге ресейлік актерлер Сергей Безруков пен Равшана Куркова түскен. Олар фильмде Борис және Зинаида Пастернактардың рөлін сомдады.
Туында 15 қазаннан бастап Қырғызстанда көрсетіле бастады.
Одан бөлек жайдарманшы Мереке Қалбаева «Махаббат жасқа қарамайды» атты романтикалық-комедиялық фильм түсірді. Фильм 12 қарашадан бастап барлық кинотеатрда көрсетіледі.
Фильмнің басты тақырыбы – махаббат пен сезімнің жас айырмашылығына бағынбайтыны, шынайы сезімнің алдында ешқандай кедергі болмайтыны.
Еуропаның 3 еліне визасыз бару
Қарашадан бастап қазақстандықтар қызметтік паспортпен Бельгия, Нидерланд және Люксембургке визасыз бара алады. Мұны Бельгияның федералды министрі Жан-Люк Крюке Ақордадағы келіссөздер кезінде айтқан.
Сөзінше, кейінгі он жылда Қазақстан мен Бельгия арасындағы өзара сауда көлемі 3 есе өскен. Ал Бельгияның Қазақстанға салған инвестициясы 10 млрд доллардан асқан.
Kia Seltos сатылымға шығады
Kia Seltos кроссоверінің екінші буыны Қазақстан нарығына қарашада келеді. Көліктің сыртқы келбеті жаңарып, радиатор торы кеңейген. Жарық шамдары Star Map стилінде жасалған, есік тұтқалары шанаққа кіріктірілген
Жаңа Seltos бұрынғыдан ірілеу болды: ұзындығы – 4 460 мм, ені – 1 830 мм, биіктігі – 1 600 мм.
Дөңгелек базасы 2 690 мм-ге дейін ұлғайған. Бұл салондағы кеңістікті арттыруға мүмкіндік береді.
Әлемдік модельдер қатарында қуаты 115-тен 200 ат күшіне дейінгі бензин қозғалтқыштары бар. Қазақстанда қуаты 200 ат күшіне тең қозғалтқышпен және толық жетек жүйесімен жабдықталған нұсқа ұсынылады.