
Танымал спортшы Сабина Алтынбекова әрбір волейбол жаттықтырушысын мұқият тексеруді талап етті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Оның айтуынша, физикалық зорлық-зомбылыққа да, буллинг сияқты психологиялық қысым көрсетуге де жол берілмеуі тиіс.
«Жаттықтырушыларды мұқият тексеріп, олардың мінез-құлқы мен жұмыс істеу әдістеріне де баға беру қажет. Өкінішке қарай, волейболда кейбір жаттықтырушылардың бойынан қарапайым әдеп мәдениетінің өзін көре алмаймыз», – деді Сабина Алтынбекова.
Оның ойынша, федерация әрбір жаттықтырушыны мұқият тексеруі керек. Көптеген командаларда дәрігердің жоқтығын айтпағанда, психолог та жоқ.
«Бұл жағдай – жалпы жүйені қайта қарастыратын уақыт жеткенінің айқын белгісі!» – деді волейболшы.
Бұған Павлодарда өткен турнирдегі оқыс оқиға түрткі болып отыр. Жарыс кезінде шымкенттік команданың жаттықтырушысы ойыншыны ұрған.
Жаттықтырушы жарыстардан екі жылға шеттетілді, алайда қызметінен босатылған жоқ.
Турнирді ұйымдастырушылар тиісті бақылау жүргізбегені үшін қатаң сөгіс алып, айыппұл төледі. Шымкент волейбол академиясына да сөгіс жарияланды.
Волейбол федерациясының мәліметінше, турнирді Ұлттық федерацияға қатысы жоқ жекеменшік волейбол лигасы ұйымдастырған.