
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының көлемі елдің өсіп келе жатқан қажеттілігін өтеуге жеткіліксіз екенін айтты.
«Қазақстан 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді. Өнеркәсібі, құрылыс саласы және агроөнеркәсіп кешені дамып келе жатқан ел үшін бұл көлем мүлде жеткіліксіз. Әсіресе, экономиканы толық цифрландыру, жасанды интеллектіні қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізу және соған байланысты деректерді өңдеу орталықтарын салу жоспарын ескерсек, электр энергиясына қажеттілік арта түседі», – деді мемлекет басшысы.
Президент 2029 жылға қарай электр энергиясының тұрақты профицитіне қол жеткізуді стратегиялық міндет ретінде белгіледі.
«Осы мақсатта біз жаңа электр станцияларын салып, қолданыстағы станциялар мен электр жеткізу желілерін жаңғыртуға, «таза» көмір энергетикасын толыққанды дамытуға және жаңартылатын энергетикаға, ең алдымен, күн электр станцияларына көңіл бөлуге міндеттіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Үкіметке еліміздің 2035 жылға дейінгі бірыңғай ұзақ мерзімді энергетикалық теңгерімін өзектендіруді тапсырды.