
Айына қосымша 25 мың теңге. 2027 жылдан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге көтеру шамамен 1,8 млн адамның табысына әсер етпек. Сәрсенбідегі жолдаудың басты жаңалықтарының бірі осы жалақының көтерілуі болды. Алайда жалақының 29,4 пайызға өсуі тұрмыстың да сонша жақсаратынын білдірмейді. Өйткені 85 мың теңге белгіленгеннен бері азық-түлік, тауарлар мен қызметтер қымбаттады. Себебі арадағы 3 жылда инфляцияны да ескерген жөн. Ендігі мәселе жаңа жалақы халықтың сатып алу қабілетін қаншалықты қалпына келтіретіні.
85 мың теңге қашан енгізілді?
Қазақстанда ең төменгі жалақы соңғы рет 2024 жылғы 1 қаңтарда көтерілген. Сол кезде ол 70 мыңнан 85 мың теңгеге өсті. Демек, жаңа өсім 2027 жылдың басында іске асса, бұл көрсеткіш үш жыл өзгеріссіз тұрған болады.
Президент Үкіметке 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге жеткізуді тапсырды. Ақорданың мәліметінше, бұл шамамен 1,8 млн азаматтың, соның ішінде 370 мыңнан астам бюджет қызметкерінің табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі мөлшермен салыстырғанда айырма – 25 мың теңге немесе 29,4 пайыз. Бірақ өсімді бағалау үшін осы аралықта ақшаның қанша құнсызданғанын да есептеу қажет.
Екі жылдың өзінде баға 22 пайызға жуық өскен
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда инфляция 2024 жылы 8,6 пайыз, 2025 жылы 12,3 пайыз болды. Экономист Меруерт Махмұтовада жалақының өсімін осы 3 жылда жинақталған инфляциямен пара пар өсімге теңеп, тіпті 5 пайызға аз өсім деп жазды жеке парақшасына.
Жинақталған инфляцияны есептегенде, бұл пайыздарды жай қоса салуға болмайды. Екінші жылғы қымбатшылық бірінші жылы өскен бағаның үстіне есептеледі. Сондықтан екі жылдағы жиынтық өсім шамамен 22 пайызды құрайды.
Мұны күнделікті шығынмен түсіндірсек: 2024 жылдың басында 85 мың теңгеге алынған тауарлар мен қызметтердің бірдей жиынтығына 2025 жылдың соңында шамамен 103,7 мың теңге қажет болған. Бұл – ресми инфляция көрсеткіштеріне сүйенген есеп.
Яғни жаңа 110 мың теңгенің едәуір бөлігі алдыңғы жылдардағы қымбатшылықтың орнын толтыруға кетеді.
Кімнің жалақысы қаншаға өседі?
Ең төменгі жалақының көтерілуі барлық қызметкерге бірдей 25 мың теңге қосылады деген сөз емес.
Мәселен, толық жұмыс уақыты үшін 85 мың теңге есептелетін қызметкердің жалақысын жаңа минимумға жеткізуге 25 мың теңге қажет. Ал 100 мың теңге алатын адам үшін айырма – 10 мың теңге.
110 мың теңгеден жоғары жалақы алатындардың табысы автоматты түрде 29,4 пайызға өспейді. Олардың еңбекақысы жұмыс берушінің шешіміне, еңбек шартына және ұйымдағы төлем жүйесіне байланысты.
Сондай-ақ 110 мың теңге – міндетті ұсталымдарға дейінгі сома. Сондықтан қызметкердің қолына түсетін ақша бұдан аз болады.
| Есеп | Сома |
|---|---|
| Есептелген жалақы | 110 000 ₸ |
| Міндетті зейнетақы жарнасы — 10% | −11 000 ₸ |
| МӘМС жарнасы — 2% | −2 200 ₸ |
| Жеке табыс салығы | 0 ₸ |
| Таза қолға | 96 800 ₸ (шамамен) |
Халық көбірек жұмсайды, бизнес шығыны артады
Өсімнің экономикаға оң ықпалы тұтыну арқылы көрінуі мүмкін. Табысы төмен отбасылар қосымша ақшаны күнделікті қажетіне – азық-түлікке, жолақыға, киімге немесе коммуналдық төлемдерге жұмсайды. Бұл сауда мен қызмет көрсету саласындағы сұранысты қолдайды. Төмен табысты адамдардың жалақысын көтеру тұтынуды арттыра алатынын ЭЫДҰ зерттеуі де көрсетеді.
Сонымен қатар жұмыс берушілердің еңбекақы шығыны ұлғаяды. Мысалы, 85 мың теңге алатын он қызметкері бар кәсіпорынға жалақының өзіне ай сайын қосымша 250 мың теңге қажет болады. Бұған жұмыс беруші төлейтін тиісті аударымдар да қосылады.
Кәсіпорын бұл шығынды табысы есебінен өтеуі, жұмысын тиімді ұйымдастыруы немесе бағасына қосуы мүмкін. Қаржылық мүмкіндігі шектеулі бизнесте жаңа қызметкер алуды баяулату қаупі де бар. Мұндай әсердің көлемі кәсіпорынның жағдайы мен еңбек өнімділігіне байланысты.