Криштиану Роналду «Алтын доптың» ең үздік иегері атанды

Жарияланды 29 Қазан 2026 14:17

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Cristiano Ronaldo confirmed for Portugal’s 2026 World Cup squad
Криштиану Роналду Мессиден көп дауыс жинаған/ Фото: FIFA

Жанкүйерлер Криштиану Роналдуды 2008 жылғы «Алтын доп» сыйлығының тарихтағы ең үздік иегері деп таныды. Дауыс беру марапаттың 70 жылдығына орай ұйымдастырылды. Әр дауыс үшін 1 еуро төлеу қажет болған, деп хабарлайды Kursiv.media.

«Алтын допты» ұйымдастырушылар ресми сайтында B.O.A.T. (Ballon d’Or Of All Time) атауымен дауыс беру өткізді. Нәтижесінде жанкүйерлер 2008 жылы алғаш рет осы марапатты иеленген португалиялық футболшы Криштиану Роналдуды таңдады. Ол кезде Роналду «Манчестер Юнайтед» сапында ойнаған.

2007/08 жылғы маусым Роналдудың мансабындағы үздік кезеңдердің бірі болды. Ол Англия премьер-лигасында 31 гол соғып, «Манчестер Юнайтедтің» ел чемпионы атануына үлес қосты. Сондай-ақ «Алтын бутсы» иегері атанып, чемпиондар лигасында сегіз голмен турнирдің үздік сұрмергені болды.

Роналду сол маусымда барлық турнирде 49 матч өткізіп, 42 гол соқты. Оның нәтижелі ойыны команданың чемпиондар лигасын жеңіп алуына да көмектесті.

Португалиялық футболшы мансабында «Алтын допты» бес рет иеленген. Ол бұл марапатты алғаш рет 2008 жылы алды. Роналду Англия, Испания және Италия чемпионаттарында үздік футболшы әрі сұрмерген атанған. Сондай-ақ ұлттық құрама сапында ең көп гол соққан ойыншы және чемпиондар лигасының тарихындағы үздік сұрмергендердің бірі.

Дауыс беру қорытындысында екінші орынға 2012 жылғы жетістігі үшін Лионель Месси жайғасты.

«Алтын доп» сыйлығы алғаш рет 1956 жылы табысталған. Биыл марапат «Бавария» мен Англия құрамасының шабуылшысы Гарри Кейнге берілді. Роналду биылғы үміткерлер тізіміне енбеген, ал Месси бесінші орын алған.

Сондай-ақ оқыңыз