Елде акцияларды енді демалыс күндері де сатып алуға болады

Жарияланды 30 Қазан 2026 17:15

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
ITS енді демалыс күндері де істейді/ Shutterstock

Қазақстанда алғаш рет бағалы қағаздармен демалыс күндері сауда жасауға мүмкіндік туады. 31 қазаннан бастап ITS халықаралық сауда алаңы сенбі және жексенбі күндері де жұмыс істейді, деп хабарлайды Kursiv.media.

Демалыс күндеріндегі сауда-саттық Астана уақытымен сағат 10:00-ден 24:00-ге дейін өтеді. Алғашқы кезеңде инвесторларға 68 қаржы құралы қолжетімді болады. Олардың қатарында арнайы іріктелген 50 акция, ITS биржалық қорлары және жекелеген акцияларға арналған ETF-тер бар.

Инвесторлар мәмілелерді негізгі сауда режимінде, келіссөздер арқылы және РЕПО операциялары аясында жүргізе алады. Сауда-саттыққа ITS-ке қатысатын брокерлер арқылы қатысуға болады.

ITS бас директоры Құрмет Оразаевтың айтуынша, мұндай шешім инвесторлардың аптасына жеті күн сауда жасауға деген сұранысының артуына байланысты қабылданған. Енді олар маңызды жаңалықтарға жедел әрекет етіп, дүйсенбіні күтпей-ақ мәміле жасай алады.

Қазір ITS жұмыс күндері Астана уақытымен сағат 09:00-ден келесі күнгі 03:45-ке дейін істейді. Компания алдағы уақытта сауда сессиясының ұзақтығын тәулігіне 21 сағатқа дейін арттырып, аптасына жеті күн жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, ITS Астана халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында жұмыс істейтін сауда алаңы. Ол инвесторларға АҚШ пен Қазақстан нарықтарында листингтен өткен 3 200-ден астам қаржы құралын ұсынады.

Тағы да оқыңыз: Қазақстандықтар 9 айда қандай компаниялардың акцияларын сатып алды

Сондай-ақ оқыңыз