
Елімізде бизнеске тағы үш жылдық мораторий 2027 жылдан бастап енгізіледі. Мораторий шағын және орта бизнестің дамуына қаншалықты әсер етеді? Ол кәсіпкерлерге нақты қандай жеңілдік береді және экономиканың өсуіне ықпал ете ала ма? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Kursiv.Media. тілшісі бірқатар экономистің пікірін сұрап білді.
Жемқорлық пен әкімшілік кедергілер бизнеске тұсау болып отыр
Сарапшы Сапарбай Жобаевтың айтуынша, пандемиядан кейінгі кезеңде экономика өскенімен, халықтың тұрмыс жағдайы айтарлықтай жақсарған жоқ. Бұған инфляцияның жоғары болуы да әсер етті. Сондықтан президент соңғы жолдауында халықтың жағдайын жақсартудың негізгі жолдарының бірі ретінде шағын және орта бизнесті дамытуды атап өтті.
«Алайда Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту туралы жыл сайын айтылғанымен, бұл бағытта айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жемқорлық пен әкімшілік кедергілер кәсіпкерліктің дамуына тосқауыл болып отыр. Мәселен, халықаралық ұйымдардың зерттеулерінде Қазақстан жемқорлық деңгейі жоғары елдердің қатарында жүреді. Әсіресе, құқық қорғау органдары мен тексеру жүргізетін мекемелердегі жемқорлық бизнеске кері әсер етеді», – дейді Жобаев.
Оның айтуынша, әкімдіктер жерді кәсіпкерлерге бөліп беруі керек болғанымен, іс жүзінде жер алу оңай емес.
«Ауылда мал шаруашылығымен айналысқысы немесе шағын кәсіп ашқысы келген азамат жер ала алмаса, қалаға көшуге мәжбүр болады. Ал жердің басым бөлігі билік өкілдері мен ірі жер иелерінің қолында. Қалаларда да жағдай осыған ұқсас. Рұқсат пен лицензия алу кезінде кездесетін кедергілер кәсіпкерліктің дамуын тежейді. Екіншіден, Қазақстанда квазимемлекеттік сектордың үлесі өте үлкен. «Самұрық-Қазына» қоры мен Қазақстанның даму банкі сияқты мемлекеттік құрылымдар бюджеттен қомақты қаржы алып, кәсіпкерлікпен айналысады. Соның салдарынан мемлекеттік қолдауға ие ірі кәсіпорындар жеке бизнеспен бір нарықта бәсекелеседі. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіреді»,- дейді экономист.
Сарапшының айтуынша, тексерулерді шектеу кәсіпкерлерді негізсіз бақылаудан қорғауға бағытталғанымен, бұл тұтынушылардың құқығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі керек.
«Мысалы, дүкен, асхана, жөндеу немесе құрылыс қызметтеріне қатысты тұтынушылардан шағым түссе, мұндай кәсіпорындар тексерілуі мүмкін. Әсіресе азық-түлік сапасын бақылау ешқашан тоқтамауы тиіс. Мәселен, мектептер мен балабақшалардағы тамақтың сапасына қатысты шағымдар болса, тиісті органдар мораторийге қарамастан тексеру жүргізуі керек. Яғни мораторий кәсіпкерлерді негізсіз тексеруден қорғағанымен, халықтың қауіпсіздігіне қатысты бақылау сақталуы қажет»,- дейді ол.
Тоқетері экономистің пікірінше, президенттің шағын және орта бизнесті тексеруге енгізген мораторийі билік өкілдерінің жемқорлық әрекеттеріне, кәсіпкерлердің жұмысын шектеуіне және олардың қызметіне кедергі келтіруіне жол бермейді. Екіншіден, квазимемлекеттік кәсіпорындардың ықпалынан баяу дамып келе жатқан шағын және орта бизнеске өсуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде бұл саланың экономикадағы үлесі 40 пайыздан да жоғары болуы мүмкін.
Мораторий экономиканың барлық мәселесін шеше алмайды
Ал экономист Рашид Жақсылықов осыған дейінгі енгізілген үш жылдық мораторий кезіндегі қандай нәтиже болғаны әлі күнге дейін еш сараланбағанын айтады.
Оған қоса, Қазақстанның экономикасы өз қазанында қайнап жатқан дербес жүйе емес. Ол бәрібір әлемдік экономикаға тәуелді. Ал әлем нарығында не болатынын болжау қиын, себебі Ресейге салынған санкиялар біздің елге де тікелей әсер етпей қоймайды. Қытай экономикасының да соңғы жылдағы қарқыны бәсеңдеді.
Сондықтан алдағы жылдары бизнестің жағдайын тек мораторий арқылы жақсарту қиын.
«Мемлекеттік қолдау дегеніміз – тексермеу емес. Ол салықты азайту, кәсіпкерлерге жаңа өндіріс ашуға мүмкіндік беру, қолжетімді қаржы табуға көмектесу. Қажет болса, жаңадан ашылған кәсіпорындарды пайдаға шыққанша салықтан босату керек. Жай ғана тексерулерге шектеу қою – мәселенің шешімі емес», – деді Жақсылықов.
Ол мораторийдің мерзімі аяқталған соң оның нәтижесіне кім жауап беретінін және кәсіпкерлердің қандай пайда көргенін кім бағалайтынын да түсіну қажет екенін айтты.
Маман мораторийді бизнеске көрсетілген шағын әлеуметтік көмек ретінде қарастыруға болады деп отыр. Алайда тұтас экономиканы жақсартып, бизнестің барлық проблемасын шешіп береді деуге болмас.
Шағын және орта бизнес дамыса, халықтың табысы да артады
Өз кезегінде экономист-сарапшы Мақсат Халық үш жылдық мораторий бизнес үшін өте жақсы шешім екенін жеткізді. Бұл ұсыныс қолдау табуы керек. Себебі оның нәтижесінде шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін беріледі.
«Бұған дейінгі үш жылдық мораторий кезінде бизнеске қолайлы жағдай жасалғаны рас. Дегенмен сол кезеңде жіберілген олқылықтарды да ескеру қажет. Мәселен, кейбір кәсіпкерлер салықтан жалтару, табысын жасыру сияқты әрекеттерге барған. Мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін бірқатар тетік қарастыру керек. Меніңше, бұл ретте ашықтықты қамтамасыз ету, цифрландыруды күшейту, барлық процесті сандық технологияларға көшіру және жасанды интеллектіні пайдалану маңызды», – дейді Мақсат Халық.
Сарапшының айтуынша, мораторийдің экономикаға беретін негізгі пайдасы іскерлік белсенділікті жандандыруында болып отыр.
«Ал бизнестің дамуы экономикалық өсімге негіз болады. Қазір Қазақстанда шағын және орта бизнес саласында 4,5 миллионнан астам адам жұмыс істейді. Бұл – еңбекке жарамды халықтың шамамен жартысы», – дейді ол.
Оның пікірінше, шағын және орта бизнес дамыған сайын азаматтарды жұмыспен қамту деңгейі артып, жалақысы мен табысы да өседі. Сондықтан бұл бағыт экономиканы дамытудың басым бағыттарының бірі болуы керек.
Елімізде осыған дейін бизнеске қатысты мораторий кемінде 5 рет жарияланған.