Жол, дәрі-дәрмек, құрылыс: бюджет ақшасы цифрлық теңгемен төлене бастайды

Жарияланды 30 Қазан 2026 15:38

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
фото: NY

Қазақстанда 30 қазаннан бастап бірқатар бюджет шығыны цифрлық теңге арқылы төленеді. Үкімет тиісті тізімді 2026 жылғы 23 қазандағы қаулымен бекітті.

Құжатта бюджет шығыстарының экономикалық жіктемесіндегі алты кіші сынып бойынша 24 бағыт қамтылған. Сондай-ақ мемлекеттік қазынашылықта ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы кейбір операциялар да цифрлық теңгеге көшіріледі.

Қандай шығындар цифрлық теңгемен төленеді?

Жаңа тәртіпке сәйкес, цифрлық теңге ең алдымен түрлі қорларды сатып алуға жұмсалады. Оның ішінде азық-түлік, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар, жанар-жағармай, арнайы киім тігу және жөндеу, сондай-ақ басқа да қажетті қорларды сатып алу бар.

Бұдан бөлек, республикалық бюджет есебінен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, күтіп ұстау, көгалдандыру, диагностикадан өткізу және техникалық тексеру жұмыстары да цифрлық теңгемен қаржыландырылады.

Бұл тізімге республикалық деңгейдегі автожолдарды дамыту, Қазақстанның мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттерін салу және қайта жаңғырту жұмыстары да кірді.

Ғимарат, көлік пен жабдық сатып алуға да қолданылады

Цифрлық теңге негізгі құралдарды сатып алуға да пайдаланылады. Атап айтқанда, жер, ғимараттар мен үй-жайлар, көлік құралдары, машиналар, жабдықтар, құрал-саймандар, өндірістік және шаруашылық мүлік, сондай-ақ материалдық емес және биологиялық активтерді сатып алуға жұмсалуы мүмкін.

Сонымен қатар мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың ғимараттарын, құрылыстарын, жолдарын және басқа негізгі құралдарын күрделі жөндеуге бөлінетін қаражат та осы жүйеге көшіріледі.

Жаңа нысандар салу, қолданыстағы нысандар мен жолдарды реконструкциялау, мемлекеттік кәсіпорындардың объектілерін жаңарту, кемелер салу және жеткізу, цифрлық жүйелерді әзірлеу мен енгізуге арналған күрделі шығындар да цифрлық теңгемен жүзеге асырылады.

Квазимемлекеттік сектор да қамтылды

Тізімге бюджеттен тыс қорлардың қаражатын пайдалану да енгізілген. Оның ішінде Арнаулы мемлекеттік қор мен Инфрақұрылымды дамыту қорының қаражаты бар.

Бұған қоса, мемлекеттік қазынашылықта ашылған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бақылау шоттарындағы бірқатар операция цифрлық теңгеге көшеді.

Мәселен, республикалық немесе жергілікті бюджеттен квазимемлекеттік компаниялардың жарғылық капиталын қалыптастыруға немесе ұлғайтуға бөлінетін қаражат осы тетік арқылы жүргізіледі.

Сондай-ақ бұл қаражат инвестициялық жобаларды іске асыруға және мемлекеттік тапсырмаларды орындауға жұмсалуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз