АҚШ қор нарығында жаппай сатылым: Nvidia 4%, AMD 11%, Intel 29% құлады

Жарияланды 31 Қазан 2026 08:16

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
фото: AFP

30 қазанда АҚШ қор нарығындағы негізгі индекстер айтарлықтай төмендеді. Инвесторлардың жасанды интеллектке бағытталған ауқымды инвестициялардың қаншалықты тез қайтарым беретініне қатысты алаңдаушылығы технологиялық компаниялардың акцияларына қысым түсірді.

Reuters мәліметінше, Nasdaq Composite индексі жұма күнгі саудада 2,86% төмендеді. Бұл – 5 маусымнан бергі индекстің бір күндегі ең үлкен құлдырауы. S&P 500 индексі 1,82%, ал Dow Jones Industrial Average 1,09% арзандады.

Технологиялық компаниялар қатты құлады

Нарықтағы сатылым Intel мен Amazon-ның тоқсандық есептерінен кейін күшейді. Компаниялардың нәтижелері инвесторлардың күткенін толық ақтай алмады және нарықта жасанды интеллект инфрақұрылымына жұмсалып жатқан миллиардтаған доллардың тиімділігіне қатысты сұрақтарды көбейтті.

Ең үлкен құлдыраудың бірі Intel акцияларында тіркелді. Компанияның бағалы қағаздары бір күнде 28,6% арзандады.

Жартылай өткізгіш өндірушілер арасында да айтарлықтай төмендеу болды:

  • AMD акциялары – 10,9%;
  • Nvidia – 4,2%;
  • жалпы жартылай өткізгіш компанияларын қамтитын SOX индексі – 7,2% төмендеді.

Осылайша чип өндірушілер индексінің қазан айындағы жалпы шығыны 15%-дан асты.

AI-ға кеткен шығын инвесторларды алаңдатып отыр

Соңғы жылдары АҚШ-тың ірі технологиялық компаниялары деректер орталықтарына, серверлерге және жасанды интеллектке арналған чиптерге жүздеген миллиард доллар инвестициялап келеді.

Алайда инвесторлардың назары енді тек AI бизнесінің қаншалықты тез өсетініне емес, оған салынған капиталдың қашан нақты пайда әкелетініне ауыса бастады.

Reuters дерегінше, Alphabet, Amazon және басқа технологиялық алыптардың күрделі шығындарының артуы олардың ақша ағынына қысым түсіріп отыр. Мысалы, Alphabet-тің AI инфрақұрылымына инвестициялары еркін ақша ағынына кері әсер етсе, Amazon-ның соңғы 12 айдағы ақша шығыны 42,4 млрд долларға жеткен.

Бұл жағдай нарықта «AI-ға тым көп ақша жұмсалып жатқан жоқ па?» деген күмәнді күшейтті.

Nasdaq рекордтан 8%-ға жуық төмендеді

30 қазандағы құлдыраудан кейін технологиялық Nasdaq индексі 6 қазанда тіркелген тарихи максимумынан 7,8% төмендеді.

Апта қорытындысында АҚШ-тың үш негізгі индексі де төмендеді. S&P 500 мен Nasdaq қазан айын да минуспен жапты. Dow Jones қана ай қорытындысында өсім көрсетті.

Технология секторы үшін қазан айы 2025 жылғы наурыздан бергі ең нашар ай болды.

Барлық компаниялардың есебі нашар емес

Соған қарамастан, АҚШ компанияларының корпоративтік есептері жалпы алғанда әлсіз емес.

Сондай-ақ оқыңыз