
Меруерт Түсіпбаева бір адамның шешімінен кейін марапат тізімінен сызылғанын айтты, деп хабарлайды Kursiv.media.
Айтуынша, 55 жас мерейтойына орай әнші мемлекеттік орденге ұсынылған. Алайда кейін беймәлім, бірақ лауазымды бір адамның шешімімен марапатқа лайықсыз деп танылып, тізімнен сызылған.
Әншінің сөзіне қарағанда, бұл жағдай оның көңіліне кірбің түсіре алмаған. Өзін марапатқа лайықсыз деп таныған адамға желіде видео жариялап, жауап беріп те үлгерген.
Сонымен қатар Меруерт Түсіпбаева 2014 жылы «Еңбек сіңірген қайраткер» атағын алғанын еске алып, сол кезеңде бұл марапаттың «Халық әртісі» атағына жақын болғанын жеткізді.
«Лайықсыз деп мені бір мықты сызып тастапты. Ештеңе етпейді, иә? Сіз қалай ойлайсыз? Бүгін мен осы видеомен мені сызып тастаған адамға жауап бердім!», – деп жазды әнші.
Меруерт Түсіпбаеваның бұл сөзін оқырмандар қызу талқылап жатыр.
«Наградалардың, яғни марапаттардың құны кетті-ау! Қазір қадірі де, түк мағынасы да жоқ. Біреу қайраткер атағын алыпты. Лида апамыз да енді алып жатыр. Нүкетай Мышбаева түк ренжімеген атақ алмадық деп», – сабырға шақырды оқырмандардың бірі.
Мұның алдында Меруерт Түсіпбаева «қара тізім» туралы сұхбат беруден бас тартып, басындағы жағдайды айтса, елден кетуге тура келетінін айтқан еді.