
Ресей еуразиялық экономикалық одақтан тыс елдерге мұнай-химия өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға уақытша тыйым салды, деп жазады Kursiv.Media.
Тиісті қаулыға Ресейдің өнеркәсіптік кәсіпорындарын шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында қол қойылды. Бұл туралы Ресей үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Үш ай мерзімге енгізілген шектеу таскөмір және мұнай бензолын, ортоксилолды, параксилолды және фенолды экспорттауға қатысты.
Аталған заттар автомобиль, авиация, кеме жасау және теміржол өнеркәсібіне арналған лак-бояу материалдарын, азық-түлік қаптамаларын, еден жабындарын, кабель өнімдеріне арналған оқшаулағыш материалдарды және медициналық өнеркәсіп өнімдерін өндіруде қолданылады.
Сонымен қатар тыйым халықаралық транзиттік тасымалдар аясындағы мұнай-химия өнімдерінің экспортына, халықаралық гуманитарлық көмек жеткізіліміне және Шпицберген архипелагындағы ресейлік ұйымдардың қызметін қамтамасыз етуге қолданылмайды.
Тағы да оқыңыз: Ресейге ақша аударымдар күрт қысқарды