
Қазақстан үкіметі депутаттардың оңайлатылған декларация бойынша бірыңғай 2-3% салық мөлшерлемесін енгізу туралы ұсынысын қолдаған жоқ. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғариннің депутаттық сауалға берген жауабында жазылған.
Салық мөлшерлемесі қалай есептеледі?
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, оңайлатылған режим бойынша базалық салық мөлшерлемесі 4 пайыз болып белгіленген. Алайда жергілікті мәслихаттар бұл мөлшерлемені 2 пайыздан 6 пайызға дейін өзгерте алады.
Мәселен, Астана, Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Петропавл және Орал қалаларында бұл мөлшерлеме 3 пайыз етіп белгіленсе, Шымкент, Қарағанды, Атырау, Қызылорда, Тараз, Талдықорған, Түркістан, Өскемен, Семей және Қонаев қалаларында 2 пайызға дейін төмендетілді.
Бизнес жаппай көшіп жатыр ма?
Депутаттар өңірлердегі салық мөлшерлемесі әртүрлі болғандықтан, кәсіпкерлер салық төмен аймақтарға жаппай көшіп кетеді деп қауіптенген еді. Алайда үкімет мұндай қауіп жоқ екенін айтады.
Мұндай тәжірибе бұрын бөлшек сауда салығында да қолданылған. Мысалы, 2024 жылы Алматыда мөлшерлеме – 4%, Астанада – 3%, ал Қарағанды облысында 2% болғанымен, бизнес ірі қаладан жаппай ауысқан жоқ.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында да осындай жағдай байқалып отыр. Астанада ставка 3%, Қарағанды облысында 2% болғанына қарамастан, кәсіпорындарды жаппай қайта тіркеу дерегі тіркелмеген. Керісінше, бұл аймақтарда кіріс көлемі артқан: 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Астанадағы бизнестің табыс 23,2%-ға, Қарағанды облысында 23%-ға, ал Алматыда 18,3%-ға өскен.
Үкіметтің түсіндіруінше, кәсіпорын тек заңды мекенжайын ауыстырғанымен, нақты қызмет атқаратын жеріндегі салықты төлеуге міндетті. Егер бірнеше өңірде нысаны болса, салық кірісіне қарай бөлек есептеледі.
Салық жүйесінің бұл бағытына толық баға беру үшін 2026 жылдың жылдық есептілігін күту керек. Өйткені жылдың екінші жартыжылдығы бойынша есеп 2027 жылдың 15 ақпанына дейін тапсырылады. Осыған байланысты үкімет бүкіл ел бойынша бірыңғай 2-3% ставканы енгізу және жергілікті мәслихаттардың құқығын алып тастау туралы ұсынысты қолдаған жоқ.
Бұған дейін «Ақ жол» партиясының депутаттары арнаулы салық режимін бүкіл Қазақстан үшін бірдей етуді ұсынған.