Қазақстандықтар қай банкке көбірек ақша салды? Депозит өсімі бойынша рейтинг

Жарияланды 3 Қараша 2026 10:28

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
фото: NY

2026 жылғы қыркүйек соңында Қазақстан банктеріндегі жеке тұлғалардың салымдары 30,67 трлн теңгеге жетті. Бұл жыл басындағы көрсеткіштен 2,44 трлн теңгеге немесе 8,63%-ға көп. Салынған қаржы сомасы бойынша Kaspi Bank көш бастаса, депозиттердің жалпы көлемі бойынша Халық банк бірінші орнын сақтап қалды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

ҚР Ұлттық Банкінің мәліметтеріне сүйенген есеп бойынша, жыл басында жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері 28,23 трлн теңге болған. Тоғыз айда бұл сома 30,67 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Алайда өсім банктер арасында біркелкі бөлінбеген: 23 банктің 14-інде салымдар көбейсе, сегізінде қысқарған. Ситибанкте жеке тұлғалардың депозит қалдығы нөл деңгейінде қалған.

Қай банктерде депозиттер азайды?

Ең үлкен сомалық төмендеу Alatau City Bank-те байқалған. Жеке тұлғалардың салымдары жыл басынан бері 51,20 млрд теңгеге немесе 6,81%-ға қысқарып, 701,21 млрд теңге болған.

Еуразиялық банктегі депозиттер 14,02 млрд теңгеге азайып, 1,10 трлн теңгені құраған. Қазақстан-Зираат халықаралық банкінде төмендеу 11,88 млрд теңге болса, Altyn Bank-те 11,09 млрд теңге болған.

Пайыздық тұрғыдан ең үлкен қысқару Заман-Банкте тіркелген: салымдар 71,89%-ға азайып, 370,92 млн теңгеге түскен. Қазақстандағы Қытай Банкінде депозиттер 42,52%-ға, Шинхан Банк Қазақстанда 32,16%-ға қысқарған.

Қыркүйекте өсім баяулады

Жыл басынан бері депозиттер 2,44 трлн теңгеге артқанымен, қыркүйек айының өзінде өсім небәрі 14,26 млрд теңгені немесе 0,05%-ды құраған. Салыстыру үшін, тамызда халық салымдары 132,81 млрд теңгеге көбейген.

Осылайша, тоғыз айдағы өсімнің негізгі бөлігі қыркүйекке дейін қалыптасқан. Соңғы айда сектордағы депозиттердің жиынтық көлемі айтарлықтай өзгермеген.

Сондай-ақ оқыңыз