«Қазатомөнеркәсіп» тоғыз айда уран өндірісін 10% арттырды

Жарияланды 3 Қараша 2026 15:02

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
фото: NY

2026 жылдың қаңтар–қыркүйегінде «Қазатомөнеркәсіп» қатысатын кәсіпорындарда 20 508 тонна уран өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 10% көп. Топтың сату көлемі де 10% өсіп, 14 030 тоннаға жетті. Компания жылдық болжамдарын өзгеріссіз қалдырды.

Өндіріс көлемі өсті

«Қазатомөнеркәсіп» жариялаған үшінші тоқсан мен тоғыз айдың операциялық нәтижелеріне сәйкес, компанияның қатысу үлесіне шаққандағы уран өндірісі 12% ұлғайып, 10 969 тоннаны құрады. Ал 20 508 тонналық жалпы көрсеткішке кәсіпорындардағы серіктестерге тиесілі өнім де кіреді.

Үшінші тоқсанда кәсіпорындардың жиынтық өндірісі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 12% артып, 7 216 тоннаға жетті. Компанияның қатысу үлесіне шаққандағы өндіріс 16% өсіп, 3 915 тоннаны құрады.

Компания өндірістің ұлғаюын 2026 жылға арналған өндіру жоспарының өсуімен және жер қойнауын пайдалану келісімшарттары бойынша міндеттемелермен байланыстырады.

Сатылымға жеткізу кестесі әсер етті

Тоғыз айда топтың жалпы сату көлемі 10% артқанымен, «Қазатомөнеркәсіп» пен оның швейцариялық сауда компаниясы TH Kazakatom AG-дің түпкілікті сыртқы сатылымы 7% азайып, 10 303 тонна болды. Бұл көлем топтың жалпы сатылымына кіреді.

Компанияның түсіндіруінше, төмендеу жеткізу кестелеріне және клиенттерден өтінімдердің түсу мерзіміне байланысты. Уран бизнесінің ерекшелігіне қарай сатып алушылардың жеткізуге өтінім беру мерзімі өзгеріп отырады. Соның салдарынан сатылым көлемі тоқсан сайын айтарлықтай ауытқуы мүмкін.

Үшінші тоқсанның өзінде топтың сатылымы 25% өсіп, 6 444 тоннаға жетті. Ал компания деңгейіндегі сату көлемі 2% ұлғайып, 4 220 тоннаны құрады.

Уранды сату бағасы жоғарылады

Тоғыз айда топ бойынша уран концентратының орташа сату бағасы бір фунт үшін 73,51 доллар болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 17% жоғары. Компания мәмілелері бойынша орташа баға 14% өсіп, 70,19 долларға жетті.

Үшінші тоқсанда топтың орташа сату бағасы бір фунт үшін 81,50 долларды құрап, жылдық есеппен 18% артты. Компания мәмілелері бойынша көрсеткіш 17% өсіп, 79,45 доллар болды. Осы кезеңде ай соңындағы споттық баға көрсеткішінің орташа мәні 16% жоғарылаған.

«Қазатомөнеркәсіптің» келісімшарттар портфелінде бағасы споттық нарыққа байланған ұзақмерзімді келісімдер бар. Сонымен бірге кейбір жеткізілімдерге бұрын келісілген тұрақты баға элементтері мен бағаның жоғарғы шегі қолданылады. Сондықтан нарықтағы баға өсімі компанияның сату бағасына толық әрі бірден әсер етпейді.

Қызылтуда барлау жұмыстары жоспарланған

Компания Қызылорда облысындағы Қызылту учаскесінде алты жыл бойы уран барлау құқығын алғанын хабарлады. Алдын ала бағалау бойынша, учаскедегі уран ресурсы шамамен 10 мың тонна болуы мүмкін.

Ресурс көлемін нақтылау және учаскенің әлеуетін бағалау үшін геологиялық барлау жұмыстары жүргізілмек. Жаңа аумақтарды барлау компанияның ресурстық базасын ұлғайту және тиімді пайдалану стратегиясы аясында жүзеге асырылады.

Жылдық болжам өзгеріссіз қалды

«Қазатомөнеркәсіп» 2026 жылға арналған болжамдарын сақтап отыр. Компания қатысатын кәсіпорындардың жалпы уран өндірісі 27,5–29 мың тонна, ал қатысу үлесіне шаққандағы өндіріс 14,5–15,5 мың тонна деңгейінде күтіледі. Топтың жылдық сату көлемі 19,5–20,5 мың тонна болады деген жоспар бар.

Топтың жылдық түсімі 2,1–2,2 трлн теңге, соның ішінде уран концентратын сатудан түсетін түсім 1,9–2 трлн теңге деңгейінде болжанған. Күрделі шығындар 435–450 млрд теңге көлемінде жоспарланған.

Болжамдар бір доллар үшін 490 теңге бағамына негізделген. Нақты нәтижелер валюта бағамы мен уран бағасының өзгеруіне байланысты болжамнан өзгеше болуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз