Сақтандыру агенттері алатын комиссия ашық жазылады

Жарияланды 3 Қараша 2026 14:11

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: shutterstock

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру саласының ашықтығын арттыру мақсатында жаңа ереже бекітті. Енді әрбір полисте сақтандыру агентінің алатын комиссиялық сыйақысы теңгемен де, пайызбен де нақты көрсетілуге тиіс. Бұл шешім азаматтарға полис таңдауда ашықтықты қамтамасыз ету және артық төлемдердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Енді клиент сақтандыру полисін сатып алған кезде оны сатқан агентке қанша ақша төленетінін нақты көре алады.

Комиссия сомасы құжатта екі түрде жазылады: нақты теңге және жалпы сақтандыру сыйақысының пайызымен. Мысалы, полис құны 100 мың теңге болып, агенттің комиссиясы 10 пайызды құраса, полисте екі көрсеткіш те, оның ішінде 10 мың теңге сыйақы сомасы да толық жазылады.

Бұл ереже өз еркімен сатып алынатын ерікті сақтандыру полистеріне қатысты қолданылады.

Айта кету керек, бұған дейін банк кредиттерімен бірге сатылатын полистер бойынша агенттік комиссияны 10 пайызға дейін шектеу ережесі енгізілген.

Бұл шектеулердің нәтижесінде 2026 жылдың 9 айында жасалған келісімшарттар саны 30,4 пайызға азайғанымен, сақтандыру компаниялары жинаған қаражаты 16,8 пайызға өсіп, 1,43 трлн теңгені құрады.

Екінші маңызды өзгеріс зейнетақы аннуитеті шарттарын мерзімінен бұрын тоқтатқан кездегі төлемдерді есептеу тәртібіне қатысты.

Енді мұндай жағдайда шарт бойынша қалыптасқан инвестициялық кіріс міндетті түрде есепке алынатын болады.

Бұл бұрынғы есептеу механизмін ашық етіп, сақтанушылардың қаржылық мүддесін толық қорғауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз