
Алматыдағы ЖЭО-3 станциясын жаңғырту жұмыстары созылып жатыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, ЖЭО-3 бойынша жағдай мәз емес. «Самұрық-Энерго» компаниясының уәдесіне сәйкес, бұл станцияның құрылысы тек 2027 жылдың соңына қарай толық аяқталады деп жоспарланып отыр, деп жазады Kursiv.Media.
Ал ЖЭО-2-дегі су жылыту бөлігі толық аяқталып, қаланы жылумен қамтамасыз етіп тұр. Оның электр өндіретін бөлігі жаңғыртылып жатыр. Станцияны толық іске қосу 2026 жылғы 25 желтоқсанға белгіленген.
Жаңғырту жұмысының кестеден кешігу салдарынан «Самұрық-Энерго» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов қызметінен босатылды.
Енді компанияның жаңа басшысы Аңсар Айдаров белгіленген мерзімдерді сақтауды қамтамасыз етуі тиіс. Осындай жағдай қайталанбас үшін құрылыс барысын бақылайтын тәуелсіз инспекторлар мен бағдарламалық өнімдерді енгізу ұсынылды.
Министр ЖЭО станциялары газға көшірілгеннен кейін де көмір қосымша отын ретінде қала ма деген сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, ЖЭО-2 станциясында көмір тек резервтотын ретінде сақталады және негізгі отын ретінде пайдаланылмайды. Ал ЖЭО-3 станциясындағы көмір жағатын бөлік толық жойылады.