
Баян Алагөзова актриса Меруерт Өтекешоваға жаңа Қыз Жібек қамзолын сыйға тартты, деп хабарлайды Kursiv.media.
Продюсердің айтуынша, Меруерт Өтекешова бұл сыйлыққа қатты қуанған.
«Бұл ұмытылмас кеш болды! Барлығы аңызға айналған Қыз Жібекке арналды. Оған тең келер жан жоқ, болмайды да! Ең бастысы, Жібектің өзі ерекше қуанды. Біз оған нағыз тосынсый жасап, керемет мереке сыйладық», – деді Баян Алагөзова.
Сонымен қатар, продюсер Меруерт Өтекешова сомдаған Қыз Жібектің образына да баға беріп кетті.
«Мен үшін мәңгілік Қазақ аруы – Жібек! Сұлу, тәкаппар, батыл, өз таңдауын өзі жасайтын, өз шешімін өзі қабылдап, өз бетінше әрекет ететін қыз! Ал елді елең еткізген қамзол оқиғасының жалғасы тіпті ғажайып болмақ», – деді Баян Алагөзова.
Айта кететін жайт, Қыз Жібек тарихи фильміне арнап тігілген костюмді Баян Алагөзованың иелік етуі дау-дамай туғызған еді. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қамзолдың шын мәнінде тарихи құндылығы дәлелденсе, мемлекет оны музей қорларына қайтару үшін тиісті шараларды қабылдауға әзір екенін жеткізген болатын. Сосын танымал дизайнер Аида Қауменова Қыз Жібек қамзолын өзінің сән үйінде тігіп жатқанын айтқан еді.