Қазақстандықтар зейнетақы жинағын басқару стратегиясын таңдай алады

Жарияланды 4 Қараша 2026 16:42

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Зейнетақы активтерін инвестициялауда үш стратегия ұсынылады / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Енді жеке басқарушы компаниялар салымшыларға зейнетақы активтерін басқарудың үш түрлі стратегиясын ұсына алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тиісті қаулыны қабылдаған.

Соған сәйкес, салымшылар жасы мен зейнетке шығар уақыты, тәуекелге дайындығына қарай инвестициялау стратегиясын таңдайды. Бұған дейін ИПБ-лар клиенттің жасын ескерместен, бәріне ортақ инвестициялық стратегия ұсынатын.

Енді консервативті, қалыпты және тәуекелі жоғары стратегиялардың арасынан таңдау жасауға болады.

Портфель түрлері және оларға қойылатын талап қандай

Консервативті портфельді жасына қарамастан, бүкіл салымшы пайдалана алады және негізінен облигациялардан тұрады. Оның нәтижесі жыл сайын бағаланады.

Ал қалыпты портфель зейнет жасына үш жылдан артық уақыт бар азаматтарға ұсынылады. Мұнда акциялар мен облигациялар қатар жүреді, ал нәтиже үш жылда бір рет қорытындыланады.

Тәуекелі жоғары стратегия зейнетке шығуына әлі 13 жыл бар салымшыларға арналған. Бұл стратегияда басымдық акцияларға беріледі және нәтиже бес жылдық кезең бойынша бағаланады.

Сонымен қатар валюталық салымдардың үлесі консервативті портфельде 40 пайыздан, салмақтыда 70 пайыздан, ал тәуекелі жоғары портфельде 80 пайыздан аспауы тиіс.

Қандай кепілдік беріледі

Әрбір портфель үшін арнайы нарықтық индекс түрінде кірістілік бағдары белгіленеді. Егер басқарушы көрсеткіші белгіленген минималды деңгейден (консервативті портфель үшін 90%, салмақты үшін 85% және тәуекелді үшін 80%) төмен түсіп кетсе, ол айырманы өз қаржысы есебінен салымшыларға қайтарып беруге міндетті.

Қазақстандықтар жинағын бірнеше басқарушы арасында немесе бір компанияның әртүрлі портфельне бөліп орналастыра алады.

Қыркүйекте азаматтарға зейнетақы жинағын 100 пайыз түгел жеке компанияларға аударуға рұқсат етілген. Бір айда қазақстандықтар 50 млрд теңгеден асатын зейнетақы жинағын инвестициялық портфелді басқарушы компанияларға аударып, ИПБ басқаратын зейнетақы активтері 200 млрд теңгеден асты.

Қазіргі кезде зейнетақы активтерін алты ИПБ басқарады: «Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ және «Tansar Capital» АҚ.

Зейнетақы активтерін қай компания тиімді басқарып отырғанын мына сілтеме арқылы оқуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз