
Қазақстан мен Германия Alatau City қаласын дамыту аясындағы ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр. Берлинде өткен инвестициялық роуд-шоу қорытындысы бойынша өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс, медицина және қалалық инфрақұрылым салаларында 11 келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Іс-шара аясында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Германияның мемлекеттік органдары мен іскерлік топтарының өкілдерімен кездесіп, Alatau City жобасына неміс инвестициялары мен технологияларын тарту мәселелерін талқылады.
Германия Федералдық канцлерінің халықаралық экономикалық саясат жөніндегі кеңесшісі Левин Холлемен кездесуде Қазақстан мен Германия арасында инвестициялық-қаржылық платформа құру бастамасы қаралды. Оның аясында Alatau City-дің инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларын жүзеге асыру ұсынылды.
Сондай-ақ Германияның құрылыс саласына жауапты мемлекеттік органдарының өкілдерімен заманауи құрылыс технологияларын енгізу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Роуд-шоудың негізгі шарасы Германия экономикасының Шығыс комитеті мен Германия өнеркәсібінің федералдық одағының қатысуымен өткен инвестициялық дөңгелек үстел болды. Онда Қанат Бозымбаев Alatau City-дің инвестициялық мүмкіндіктерін, инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін және арнайы құқықтық режимнің артықшылықтарын таныстырды.
Бұдан бөлек, Henkel, SVEVIND Energy, Textima және dena компанияларының өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Тараптар жаңа өндіріс орындарын ашу, энергетикалық және су инфрақұрылымын дамыту, машина жасау саласындағы ынтымақтастық және көпбейінді медициналық орталық салу мүмкіндіктерін қарастырды.
Келіссөздер нәтижесінде өнеркәсіптік өндіріс, машина жасау, құрылыс, медициналық инфрақұрылым, қалалық қауіпсіздік және ұшқышсыз технологиялар бағыттары бойынша 11 келісім жасалды.
Alatau City жобасын таныстыруға арналған инвестициялық роуд-шоу Германияның Франкфурт-на-Майне қаласында жалғасады. Онда Қазақстан делегациясы банктер мен қаржы институттарының өкілдерімен кездесіп, қаланың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларын қаржыландыру мәселелерін талқылайды.
Тағы да оқыңыз: Alatau City жобасы: Лондонда 1,3 млрд доллардың халықаралық келісімі жасалды