
Қазақстанда қор нарығының өтімділігін арттыру мақсатында бағалы қағаздарды қарызға берудің орталықтандырылған тетігін енгізу ұсынылды. Бұл жайлы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова құрылтай депутаттарымен «Капитал нарығы туралы» заң жобасын әзірлеуге арналған кездесуде айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Оның айтуынша, бұл бастама қайталама нарықтағы сауда белсенділігін арттырып, ұзақ мерзімді инвестицияларға бағытталған акциялардың айналымға түсуіне жол ашады.
«Қайталама нарықтың өтімділігін арттыру үшін инвесторлар ұзақ мерзімді портфельдерде ұстап отырған акциялардың бір бөлігін сауда-саттыққа тарту маңызды», – деді Мадина Әбілқасымова.
Жаңа тетік аясында бағалы қағаз иелері өз акцияларын нарықтың басқа қатысушыларына уақытша пайдалануға беріп, ол үшін сыйақы ала алады. Мәселен, маркет-мейкерлер акцияларды қарызға алып, сатып алу мен сату бағалары бойынша ұсыныстарды қамтамасыз етуге пайдаланады.
Кейін қарызға алынған бағалы қағаздар иесіне сол көлемде қайтарылады. Сонымен қатар акцияларды қарызға беру қысқа сатылым операцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мұндай мәмілелерде инвестор бағалы қағаздарды сатуға дейін қарызға алуға немесе есеп айырысу кезінде оларды жеткізе алатынын растауға міндетті. Бұл құрал халықаралық нарықтарда кеңінен қолданылады.
2023–2025 жылдардағы бағалаулар бойынша қысқа сатылымдардың үлесі Гонконг акциялар нарығында 13–16%, ал Ұлыбританияда 11–13% аралығында болған. Қазақстанда бағалы қағаздарды қарызға берудің орталықтандырылған жүйесін KASE биржасының орталық контрагенті базасында құру ұсынылып отыр.
Жүйе акция иелерінің ұсыныстарын біріктіріп, нарық қатысушыларына бірыңғай қағидалар бойынша қарыз мәмілелерін жасауға мүмкіндік береді. Жаңа тетік инвесторлар үшін қосымша табыс көзін қалыптастырып, маркет-мейкерлердің жұмысын жеңілдетуге және Қазақстанның қор нарығындағы сауда белсенділігін арттыруға бағытталған.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанда мемлекеттік құнды қағаздар нарығы айтарлықтай өсті