
Белгілі композитор Марат Омаров Аман Тасығанға берген сұхбатында әнші Нұрлан Өнербаевтың халық арасында кеңінен танылған «Анашым» әнін неге орындамай жүргенін түсіндірді. Оның айтуынша, әншіге туындыны орындауға ешкім заң жүзінде тыйым салмаған.
Марат Омаров көпшілік «Анашым» әнін Нұрлан Өнербаевтың орындауында жақсы білетінін айтып, әншіге қатысты қалыптасқан пікірге тоқталды.
Композитордың сөзінше, Нұрлан Өнербаевқа әнді орындауға тыйым салынбаған. Алайда туынды авторларының әншіге өкпесі бар.
«Бәрің Нұрлан Өнербаевтың ғана нұсқасын тыңдап жүрсіңдер. Біз оған тыйым салған жоқпыз. Мен бармын, басқа авторлар бар. Біз тек ренішімізді айттық. Әнді айтқанда авторларды неге хабарламайсың деп ескерткенбіз», – деді Марат Омаров.
Оның айтуынша, осы ескертуден кейін Нұрлан Өнербаев әнді орындамай кеткен.
«Өнербаев соған тырысып, айтпай қалды. Әйтпесе ешкім оған заң жүзінде бұл әнді айтпа деп тыйым салған жоқ», – деп түсіндірді композитор.
Марат Омаров әннің ел арасында кеңінен танылуына Нұрлан Өнербаевтың орындауы әсер еткенін де жоққа шығармады. Дегенмен әншінің туындыны орындау мәнерін қалыптастыруға өзі көмектескенін айтты.
«Халық сүйіп тыңдайтын, Нұрлан Өнербаевтың әні деп қабылдайтын туындыны оған өзім үйреттім. Интонациясын дұрыстадым. Ол нота білмейді, музыкалық сауаты жоқ адам», – деді композитор.
Сөз арасында Марат Омаров «Анашым» әніне қатысты мәселенің түп-төркіні авторлардың еңбегін атап өтуге байланысты екенін тағы да жеткізді.
«Мен ешқандай тыйым салған жоқпын. Өнербаевқа ән авторларының өкпесі қара қазандай», – деді ол.
Осылайша композитор әннің орындалуына құқықтық шектеу қойылмағанын, ал арадағы түсініспеушілік авторлардың ренішінен туындағанын мәлімдеді.
Айта кетейік, «Анашым» әні Нұрлан Өнербаевтың орындауында көпшілікке кеңінен танылған туындылардың бірі. Өнербаев бұған дейін, 37 жыл бойы айтып келген «Анашым» әні енді репертуарында жоқ екенін айтқан еді.