«Бажа кинода» «Заманback 2» фильмінің рекордын жаңарта ала ма

Жарияланды 17 Қараша 2026 15:19

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
коллаж: kursiv.media

Қазақстандық «Бажа кинода» комедиясы кезекті демалыс күндерінің қорытындысы бойынша кино прокатында көш бастады. Фильм төрт күнде 264 млн теңгеден астам қаржы жинап, кассалық рекорд орнатқан «Заманback 2» фильмін өкшелеп келеді.

Asqar Cinema жариялаған Comscore деректеріне сәйкес, 12–15 қараша аралығында Қазақстан кинотеатрларындағы фильмдердің жалпы кассалық түсімі 897,2 млн теңгені құрады.

Прокаттағы үшінші аптасында да көшбасшылық орнын сақтаған «Бажа кинода» комедиясы төрт күнде 264,2 млн теңге жинады. Екінші орынға 161,7 млн теңге жинаған «Бауыр» фильмі жайғасса, «Заманback 2» 144,3 млн теңгемен үшінші орынға тұрақтады.

Демалыс күндері ең көп касса жинаған бес фильм

Кинопрокат

Апталық кассалық табыс

1
«Бажа кинода»
Прокатта 3-апта
264 210 176 ₸
2
«Бауыр»
Прокатта 2-апта
161 765 446 ₸
3
«Заманback 2»
Прокатта 4-апта
144 334 250 ₸
4
«Скрудж»
Прокатта 1-апта
76 219 744 ₸
5
«Кот в шляпе»
Прокатта 2-апта
48 242 140 ₸
Апталық кассалық көрсеткіштер

«Бажа кинода» 1,5 млрд теңгеге жақындады

Forbes Kazakhstan басылымының 12 қарашада жариялаған мәліметіне сәйкес, «Бажа кинода» комедиясы прокаттағы алғашқы екі аптасында 1 млрд 209 млн теңге жинаған.

Оған соңғы демалыс күндерінің көрсеткішін қоссақ, фильмнің жалпы кассалық түсімі кемінде 1 млрд 473 млн теңгеге жеткен. Алайда бұл есепке аралық күндердегі кассалық түсім толық енбегендіктен, фильмнің нақты табысы бұдан да жоғары болуы мүмкін.

«Заманback 2» рекорды жаңара ма

Бұған дейін Kursiv Media «Заманback 2» фильмінің 1 млрд 865 млн теңге жинап, қазақ киносы тарихындағы ең кассалық фильм атанғанын жазған еді.

Ал соңғы демалыс күндері «Бажа кинода» бәсекелесінен 120 млн теңгеге жуық артық қаржы жинады. Оның төрт күндік кассалық түсімі «Заманback 2» фильмінен 83 пайызға жоғары болды.

Егер «Бажа кинода» осы қарқынын сақтаса, отандық киноның кассалық рекорды тағы да жаңаруы мүмкін. Дегенмен екі фильм де прокатта көрсетіліп жатқандықтан, олардың қорытынды табысы қандай болатыны әзірге белгісіз.

Еске салайық, бұған дейін отандық фильмдер арасында кассалық рекорд Дариға Бадықованың «Таптым-ау сені» комедиясына тиесілі болған. 2023 жылы жарық көрген туынды 1 млрд 834 млн теңгеден астам қаржы жинаған еді.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы ең табысты 10 фильм

Сондай-ақ оқыңыз