
Бұрынғы UFC чемпионы Хабиб Нұрмағамедов Біріккен араб әмірліктерінде қамауға алынған туысы Усман Нұрмағамедовтің бостандыққа шығуына ықпал етті. Ол бұл мәселеге қатысты жергілікті билік өкілдерімен жеке келіссөз жүргізген.
«Mash на спорте» арнасының мәліметінше, әуелі Хабиб UFC президенті Дана Уайттан көмек сұраған. Алайда ол Әмірліктердің заңнамасын алға тартып, жағдайға араласудан бас тартқан. Осыдан кейін Нұрмағамедов жергілікті билікпен тікелей байланысқа шыққан. Келіссөз нәтижесінде ұсталғандарды кезең-кезеңімен босату жөнінде келісім жасалған.
16 қарашада Усман түрмеден шыққан. Сондай-ақ жанжалға қатысқан тараптар болған оқиғаға қатысты көпшілік алдында пікір білдірмеуге келіскен.
Еске салайық, БАӘ-де Усман Нұрмағамедов алты айға қамауға алынған еді. Онымен бірге жанжалға қатысқан тағы жеті адам ұсталды. Сот оларды қоғамдық тәртіпті бұзғаны және адамдардың өміріне қауіп төндіргені үшін ірі көлемде айыппұл төлеуге міндеттеген.
Ал Мераб Двалишвилиге қатысты бұлтартпау шарасы сол күні жойылған. Оқиға Абу-Дабиде өткен RAF лигасының медиа күні кезінде болған. Двалишвили сұхбат беріп тұрған кезде, оған Усман Нурмагомедов бірнеше серігімен бірге жақындаған. Кейін жанжалдың видеосы әлеуметтік желілерде тарады.