
Дариға Бадықованы комедиялық рөлдерден көріп шаршадыңыз ба? «Таптым-ау сені» фильміндегі еркекшора қызды, «Келінжандағы» Айсараға көзі үйреніп қалған халық жаңа туындыда Бадықованы басқа қырынан көреді.
Спойлер: кинотеатрдан жылап шығуыңыз мүмкін.
Отандық кинематографияда төтенше жағдайлар қызметкерлерінің, оның ішінде өрт сөндірушілердің өмірі мен еңбегін арқау еткен туындылар көп емес. Дариға Бадықова осы тақырыпты арқау етіп, қарапайым халық біле бермейтін бір әлемнің есігін ашты.
Батырлардың да өз қайғысы бар
Өрт сөндірушілердің ерлігі туралы жиі естіп жатамыз. Бірақ олардың тағдыры туралы біле бермейтініміз хақ. Фильмнің де идеясы осыда – өрт сөндірушілерді батыр ретінде ғана емес, қарапайым адам ретінде көрсетуі. Олардың да отбасы, жақсы көретін адамдары, ешкімге айта бермейтін мұңы, шешілмеген тұрмыстық және әлеуметтік мәселелері бар.
Бір қызығы, өзгелерді құтқарып жүрген адамдардың өздері де кейде көмекке мұқтаж.
Алайда олар жеке басындағы қиындықтарына қарамастан, күн сайын өзгенің өмірін құтқару үшін отқа түседі. Біреудің баласын аман алып қалуға ұмтылған адамның өз баласына аман оралары белгісіз.
Біреудің мансабы, біреудің өмірі
Туындының тағы бір ұтымды тұсы – басшылық қызметтегі адамдардың жауапкершілігі туралы батыл ой айтуы.
Басшының біліксіздігі, мансапқорлығы, атақ пен абыройға деген құштарлығы қандай зардапқа әкелуі мүмкін? Адам тағдырын шешетін қызметке кез келген адамды тағайындаудың салдары қандай? Фильм осы сұрақтарды көрерменнің алдына көлденең тартады.
Бұл мәселе төтенше жағдайлар саласына ғана қатысты емес. Кез келген мекемеде басшының кәсіби біліктілігімен қатар адамгершілігі де маңызды. Өйткені кейбір салада басшының қателігі ақшамен өлшенсе, кейбірінде адам өмірімен өлшенеді.
Біз білмейтін Дариға Бадықова
Бұл жолы актриса өрт сөндіру қызметінің капитанын сомдайды. Қарамағындағы қызметкерлеріне түсіністікпен қарайтын, айқаймен емес, ақылмен басқаратын, қажет кезде өзгенің қателігі үшін де жауапкершілік жүгін арқалай білетін дана әйел.
Оның кейіпкері мен фильмдегі антагонист арқылы нағыз басшы мен мансапқор адамның айырмашылығы көрсетіледі.
Дархан Сүлейменовтің актерлік шеберлігін де ерекше атап өтпеске болмайды. Фильмдегі жағымсыз кейіпкердің әрекеті көрерменнің ашуын келтіреді. Оған қарап отырып, еріксіз ызаланасың. Кейіпкерін көрерменге соншалықты жеккөрінішті ете білу де актерлік шеберлік болса керек.
Жалпы, фильмнің алғашқы минуттарынан-ақ оқиғаға еніп кетесіз. Динамика жақсы, жалықтырмайды.
Қазақ киносындағы жаңа есімдер
Дариға Бадықованың фильмдеріндегі тағы бір ерекшелік – жаңа есімдерге жол ашып, жас актерлерге мүмкіндік беруі. «Соңыра» фильмінде де осы үрдіс жалғасын тапқан.
Солардың бірі – жас актриса Тамабай Нарқыз. Ол өз рөлін сәтті алып шыққан. Әсіресе Қазбек Төленмен бірге махаббат хикаясын, екі жастың арасындағы нәзік сезімді көрерменге шынайы жеткізе білген.
Соңыра…
«Жақыныңның өмірін жарық қыламын деп, өзіңнің жарығыңды сөндіріп алма». Фильмнің афишасында жазылған осы бір сөйлемде тұтас туындының философиясы жатыр. Жақындарымызға кейде жақсы көреміз деп айтуды, олармен уақыт өткізуді, тіпті өзіміз үшін өмір сүруді де кейінге қалдырып жатамыз.
Соңыра айтамыз. Соңыра кездесеміз. Соңыра бақытты боламыз. Бірақ сол соңыраның келетініне кім кепіл?
«Соңыра» – өрт туралы ғана емес, адамгершілік, парыз, жауапкершілік және өмірдің қадірі туралы фильм. Күн сайын өзгенің өмірін құтқарып жүрген, бірақ өз бақытын кейінге қалдырған адамдар туралы туынды.
Комедиядан шаршап, фильмнен мағына іздейтін болсаңыз «Соңыраға» барып көруге болады. Фильм 19 қарашадан бастап кинотеатрларда көрсетіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Дариға Бадықованың «Таптым-ау сені» және «Ыстық ұя» фильмдері Қазақстандағы ең көп кассалық табыс жинаған отандық туындылар қатарында болған. Жақында ғана «Заманбек» фильмі олардың көрсеткішінен асып, кассалық табыс бойынша көш бастады.