
Экономиканың нақты сектор кәсіпорындары күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр: бірі айналымдағы қаражатты зорға тауып отырса, енді бірі қымбат несие мен қатаң салық жүйесінің салдарынан тығырыққа тірелді. Ұлттық банктің III тоқсан қорытындысы бойынша жүргізген мониторингі мен кәсіпорындарға жасалған талдауы елдегі бизнес ахуалының әлсірегенін көрсетті.
Қарыз – даму үшін емес, күнкөріс үшін
Ұлттық банк деректеріне сәйкес, қазақстандық компаниялар алған несиелерінің басым бөлігі – 79,2%-ы жаңа инвестиция мен бизнесті кеңейтуге емес, тек айналым қаражаттарын (шикізат пен материалдарды сатып алу) қаржыландыруға бағытталған. Бизнесті кеңейту мақсатында несие алғандардың үлесі небәрі 1,3%-ды құрайды.
Банктер ұсынатын орташа пайыздық мөлшерлеме 18%-ды құраса, кәсіпорындардың қалтасы көтере алатын меже 7,9% деңгейінде бағаланып отыр.
Шамадан тыс жоғары пайыздық жүктеме мен қымбат қаржы кәсіпорындардың өндірістік қуатын кеңейтуіне тұсау болып тұр.
Құрылыс саласы дағдарыс алдында тұр ма?
Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, елімізде қаржы жағдайы тұрақсыз кәсіпорындардың үлесі артқан. Әсіресе, құрылыс секторындағы ахуал алаңдатарлық: компаниялардың 39,1%-ы қаржылық тұрғыдан тұрақсыз күйде отыр. Бұл – бүкіл салалар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Салыстырмалы түрде алғанда, қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану саласындағы тұрақсыз кәсіпорындар үлесі 33,3%, жылжымайтын мүлік операцияларында – 32,8%, сауда саласында – 31,3%, ал өңдеуші өнеркәсіпте 21,6% құрады.
Сонымен қатар, заңды тұлғалардың шағын несие бойынша мерзімі өткен берешегі 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 97,1%-ға өсіп, 5,2 миллиардтан 10,2 млрд теңгеге жеткен.
Тұрақтылық төмендеді: бизнесмендердің үштен бірі ертеңгі күнін болжай алмайды
3 552 кәсіпорын қатысқан сауалнама нәтижесі бизнестің қауіпсіздік қоры азайып бара жатқанын аңғартады. Қаржы жағдайы тұрақты кәсіпорындардың үлесі 17,2%-ға дейін төмендеді (өткен тоқсанда 17,6% болатын).
Бизнестің 43,5%-ы жылды пайдамен аяқтаймыз деп үміттенгенімен, 10,5%-ы шығынға бататынын айтса, 14,9%-ы бюджетін теңгерімді ұстамақ.
Ең маңызды көрсеткіш – респонденттердің 31,0%-ы жыл соңындағы қаржы жағдайын бағалай алмайтынын жеткізді. Бұл бизнес ортадағы белсіздік пен тұрақсыздықтың кесірінен ертеңгі күнге сенімнің жоқтығын білдіреді.
Бизнеске тұсау болған басты кедергілер
Кәсіпорындардың жұмысына кері әсер етіп отырған факторлардың тізімі де анықталды. Сауалнамаға қатысқандардың 37,2%-ы басты кедергі ретінде салық жүктемесі жоғары атап өткен.
Сондай-ақ жоғары бәсекелестік (33,0%), сатып алушыларды табу / сұраныстың әлсіздігі (28,4%) және білікті кадрлардың жетіспеушілігі (26,9%) бизнеске ауыр тиіп жатыр.
Яғни, қазақстандық экономиканың нақты секторы тығырықтан шығу үшін арзан қаржы, салық жеңілдігі мен ішкі сұранысты ынталандыратын жүйелі шараларға аса мұқтаж болып отыр.
Бұған дейін The Economist журналы 2027 жылға арналған жыл сайынғы The World Ahead 2027 болжамында, қарыз дағдарысы орын алады деген болжам жасаған.