
Қазақстан мен Мажарстан сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтіп, өзара тауар айналымын арттыруға ниетті.
2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 13,5%-ға өсіп, 226,7 млн долларды құрады. Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға артып, 177,1 млн долларға жетті. Осы кезеңде Қазақстанның Мажарстанға экспорты 56%-ға өсіп, 19,6 млн доллар болған.
Бұл мәселе сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Мажарстанның Қазақстандағы елшісі Ференц Цомбоштың кездесуінде талқыланды.
Кездесу барысында тараптар сауда көлемін ұлғайту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және қазақстандық өнімдерді Мажарстан нарығына шығару мәселелерін қарастырды.
Арман Шаққалиев Қазақстанның шикізаттық емес тауар экспортын арттыруға және бірлескен инвестициялық жобаларды дамытуға мүдделі екенін айтты. 2005 жылдан бері Мажарстан Қазақстан экономикасына шамамен 433 млн доллар инвестиция салған.
Ынтымақтастықты дамытуға энергетика, фармацевтика, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларының әлеуеті бар.
Кездесуде қазақстандық делегацияның Мажарстанға жоспарланған сапарына дайындық мәселесі де сөз болды. 12 желтоқсанда Дебрецен қаласында Қазақстан-Мажарстан бизнес-форумы өтеді. Оған ауыл шаруашылығы, тамақ өнімдерін өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, сауда және туризм салаларында жұмыс істейтін 20-дан астам қазақстандық компания қатысады.
Форум аясында екі ел кәсіпкерлері жаңа серіктестер табу, экспорттық келісімшарттар жасау және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылайды.
Мажарстан елшісі Ференц Цомбош екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және іскерлік байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, алдағы бизнес-форум серіктестікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.