Топырақта ылғал жетіспеушілігінен сақтандыру шартын жасасқан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері сақтандыру төлемдерін алуда.Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Елімізде ұзаққа созылған құрғақшылықтың салдарынан егістік алқаптары зардап шекті: аптап ыстық күн мен құрғақ желдер егінге және фермерлердің жақсы өнім алуға деген үмітіне нұқсан келтірді.
Құрғақшылық фактілері Qoldau.kz сайтында Agroinsurance жүйесімен спутниктік деректер негізінде автоматты түрде тіркеледі. Осылайша, сақтандыру жағдайлары тіркеліп, сақтандыру келісім-шартына отырған фермерлер сақтандыру төлемдерін алып жатыр.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, топырақ ылғалдылығы жетіспеушілігі индексінің бірінші фазасы бойынша жасалған 32 сақтандыру келісім-шартымен 5 облыстың фермерлеріне (Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары) сақтандыру компаниялары 190,5 млн теңге төледі.