Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында Фурманов айналма каналы тазартыла бастады. Бұл арна 40 жылдан бері тазартылмаған деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Бұл каналдан Шу өзені арқылы Түркістан облысының Созақ ауданына су жіберіледі.
«Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Тасөткел су қоймасынан Созақ ауданының экожүйесін қолдау үшін шамамен 200 млн текше метр су жібереді. Каналды тазарту су жіберудің тиімділігін арттырып, 40 жылдан бері алғаш рет оны өз мақсатына сай пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар канал бойындағы елді мекендердің суға қолжетімділігі жақсарады. Нысанда жүргізіліп жатқан жұмыстар министрліктің қатаң бақылауында», – деді ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов.