Air Astana компаниясы істі болған қызметкері Ренат Абулхановтың мәлімдемесіне қатысты ресми жауап жария етті. Осыған дейін Абулханов компания басшылығының туыстарына әуе билеттеріне жеңілдік барын айтқан еді.
Компания Абулхановқа қатысты құзыретті органдардың қылмыстық іс жүргізіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ компанияның заң шеңберінде қатаң әрекет етіп, тергеуге қажетті жәрдем көрсетіп жатқанын ескертті.
«Басшылықтың тапсырмаларын орындаудан бас тартқаны үшін компания тарапынан қудалау орын алды деген мәлімдемелер шындыққа жанаспайды және қоғамдық пікірмен айла-шарғы жасаудың жолы», – делінген компания хабарламасында.
Алайда компания Абулханов жария еткен материалдардың дұрыстығын, толықтығын және түпнұсқалығын растамады. Оларды тексеру заң аясында жүргізілуі керектігін атап өтті.