Алматыда 2025 жылғы кадеттер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. «Кадет» деп 12 жасқа дейінгі жас шахматшыларды атайды. Әлем чемпиондары атанғандар – 8 жастағы Алиша Бисалиева мен Әдинұр Әділбек, сондай-ақ 12 жастағы Данис Қуандықұлы. Қазақстандық шахматшылар командалық есепте де үздік болды.
Шахматтан 2025 жылғы кадеттер арасындағы әлем чемпионаты (FIDE World Cadet Chess Championships 2025) 19–30 қыркүйек аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы СКК бас аренасында өтті.
88 ел мен аумақтан 842 жас шахматшы, оның ішінде Қазақстанның барлық 20 өңірінен 229 ойыншы, классикалық уақыт бақылауымен 90+30 (партияға 90 минут және әр жүріске 30 секунд қосылады) швейцариялық жүйе бойынша 11 турлық қиын жолдан өтті.