Үкіметке шетелдегі капиталды Қазақстанға қайтару ісі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жандандыру жүктелетін секілді
Жаңа премьер Олжас Бектенов сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселелерді шешумен танылды. Шетелдегі капиталды Қазақстанға қайтару ісі іркіліп тұрғанын, Олжас Бектеновтың заңгер екенін және Amanat партиясы фракциясының атынан соңғы 2 жылда үкіметке жолданған депутаттық сауалдардың басым бөлігі қаржы мәселесіне қатысты болғанын назарға алсақ, кандидат нақты мәселелерді шешу үшін таңдалып тағайындалды.
Үкіметке шетелдегі капиталды Қазақстанға қайтару ісі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жандандыру жүктелетін секілді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен командасының капиталын елге қайтарта алмай жатыр» деген қысым жасалып жатқаны жасырын емес. Қысымнан құтылу және мәселені шешу үшін қоғамға осындай жауап берілді деп ойлаймын.
Олжас Бектенов шетелдегі капиталды Қазақстанға қайтару мәселесін шешкен жағдайда ғана қызметін жалғастыруы мүмкін. Әлеуметтік, экономикалық мәселелер екінші, үшінші орынға жылжитынын болжап отырмын. Жаңа премьер үкіметті ұзақ басқармайды. Әрі кетсе 2-3 жыл. Ол үкіметті басқарған кезде күрделі экономикалық мәселелер шешілмейтін секілді. Десек те бұл мәселе оның Ұлттық экономика министрі лауазымына кімді тағайындайтынына байланысты болуы мүмкін.
Олжас Бектенов осыған дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселелердің себебін емес, салдарын ғана шешкен. Меніңше ол тағы да себеппен емес, салдармен күреседі. Бұл – менің болжамым ғана. Жаңылыстым деп үміттенемін. Мүмкін ол маңызды шешім ұсынар. Оның әкімдіктерде жұмыс істегені басқару жүйесін бүге-шүгесіне дейін біледі дегеннің белгісі емес. Қазір үкімет пен облыстық әкімдіктер арасында шешімін таппаған мәселелер бар. Оның мәселе шешетініне күмәнмен қараймын.