Қашаған мінезі туралы

Қашаған туралы айтқанда, біз еріксіз парадоксқа тап боламыз. Бір жағынан, ол – әлемдік деңгейдегі мұнай қоры бар алып, Қазақстан тарихындағы ең ірі индустриялық жоба. Екінші жағынан, ол – Каспийдің осал әрі нәзік теңгерілген экожүйесінде орналасқан нысан, мұнда кез келген ұқыпсыз әрекет бүкіл өңірдің климаттық, биологиялық, тіпті әлеуметтік жағдайын өзгертіп жіберуі мүмкін.
2000 жылы ашылған сәттен бастап Қашаған дегенде оның ауқымы көзге елестейді. Қор көлемі бойынша – соңғы онжылдықтарда ашылған ең ірі мұнай кен орындарының бірі; оның мұнай қоры шамамен 9-13 миллиард баррельді (1-2 миллиард тонна) құрайды. Географиялық тұрғыдан бұл теңіздегі нысандар таяз, жабық әрі өте сезімтал су айдынында орналасқан. Мұнда мұз бен күкіртсутек саяси санкциялар немесе нарықтағы тұрақсыздық сияқты шынайы қауіп төндіреді.
Бірақ басқа Қашаған да бар. Ол – жобада жұмыс істейтін мыңдаған қазақстандық. Компрессорлар, сезгектер, құбырлар, күрделі экологиялық жағдайлар. Ұзаққа созылатын қоғамдық тыңдау, қоғамдық мониторинг және дәлел-дәйекті қажет ететін сұрақтар.

Қашаған төңірегіндегі белсенді пікірталас тұрақты түрде жалғасып келеді. Сол тақырыптардың бірі – көлік қатынасын қамтамасыз ету үшін қажет тереңдету жұмыстары. Қоғамда бұл шаралардың қаншалықты қауіпсіз екені, оның балықтардың көшуіне әсері мен теңіз түбінде не болып жатқаны туралы талқылаулар жүріп жатыр.
Бұл арнайы жоба – Қашағанда шын мәнінде не болып жатқанына үңілу талпынысы. Мұнай ашық теңізде қалай өндіріледі, оның артында кім тұр, қоршаған ортаны қорғау жүйесі қалай ұйымдастырылған әрі теңіз түбін тереңдету Каспийге расында да қатты әсер ете ме деген сауалдарға жауап іздейміз. Біз жобаны ішінен – техникалық, адами және экологиялық қырынан қарадық. Себебі бүкіл әлемдік мұнай-газ секторы өндіріс пен тұрақтылық арасындағы тепе-теңдікті іздеп жатқан шақта, дәл Қашаған осы ізденістің инженерлік, мемлекеттік, экологиялық және қоғамдық тұрғысынан сынағы болып тұр.



