Солтүстік-Каспий жобасы – Қазақстанның мұнай экономикасының негізгі орталықтарының бірі

Қашаған кен орны 2000 жылдың маусымында «Шығыс Қашаған-1» атты алғашқы барлау ұңғымасында көмірсутек табылғаны туралы хабардан соң ашылды. Бұл мұнай саласындағы соңғы 40 жылдағы ең ірі оқиға еді. Қашағанның мұнай қоры шамамен 2 миллиард тонна деп бағаланады, бұл елдегі жалпы «қара алтын» қорының шамамен 47 пайызын құрайды.
Қашағанда мұнай өндіру 2016 жылдың қыркүйегінде басталды. Жобаны тағайындалған оператор – North Caspian Operating Company (NCOC) жүзеге асырады. Компанияның акционерлері: Shell, Eni, ExxonMobil, TotalEnergies, CNPC, Inpex және «КМГ Қашаған Б.В.» («ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы). Инвесторлар барлық капиталдық шығынды өз мойнына алды. Оған жасанды аралдар, құбырлар, мұнай мен газды кешенді өңдеу қондырғылары секілді инфрақұрылымды салу жұмыстары кірді. Кейін олар өз инвестицияларын өндірілген мұнайдағы үлесі арқылы қайтарады.

Қашағанды күрделі өндірістік және инженерлік экожүйенің дамуына серпін берген жоба деп атауға толық негіз бар. Мұнда таяз сулы және мұзды аймақтарға бейімделген бірегей нысандар салынды, жоғары қысымды басқарудың заманауи технологиялары енгізілді, күкіртсутектен және коррозиядан қорғану жүйелері жасалды. Сонымен қатар, кен орнының айналасында көлік, логистика, құрылыс және білім беру бағыттарын қамтитын тұтас салалық кластер қалыптасты.
- Мұнай өндіру: 2024 жылы Қашағанда шамамен 17,7 млн тонна мұнай өндірілді, бұл Қазақстандағы жалпы өндіру көлемінің 21 пайызын құрайды;
- Жалпы өндіріс көлемі: өндіріс басталған сәттен бері кен орнында 120 млн тоннадан астам мұнай өндірілді.
Бұған қоса, Қашаған Қазақстанның энергетикалық секторында шешуші рөлге иә. Ол елдің мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай бөлігін қамтамасыз етіп, экономикалық өсімге тікелей ықпал етеді. Жоба сонымен қатар инфрақұрылым мен отандық кәсіпорындардың дамуына серпін беріп жатыр. 2024 жылы жергілікті қамту үлесі 62,1% болды. Ал 2004 жылдан бері Солтүстік-Каспий жобасы аясында қазақстандық өндірушілер мен жеткізушілерден сатып алынған жұмыстардың, тауарлар мен қызметтердің жалпы құны 18,1 миллиард долларға жетті.



