Tengri Bank лицензиясынан айырылды

Жарияланды
Ұлттық банк уақытша басшылық тағайындады

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Tengri Bank» АҚ-ын банктік және өзге де операцияларды жүргізуге берілген лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы агенттік баспасөз қызметі хабарлады. 

Банкті лицензиясынан айыруға:

– пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуға міндетті басқа да нормалар
мен лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп
рет) бұзу;

– қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай
ішінде үш және одан көп рет) орындамау;

– уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын банктің банк
холдингінің орындамауы негіз болған, 

«Банктің қаржылық жағдайының нашарлауы несие портфелі сапасының төмен болуымен байланысты. Проблемалық кредиттердің негізгі бөлігі 2015 – 2017 жылдардағы кезеңде Банктің қазақстандық акционерлерімен байланысты тұлғаларға берілген, олардың үлесіне банктің несие портфелінің 58%-ы тиесілі. Несие портфелінің 83%-н құрайтын қайтарымсыз қарыздар үлесінің жоғары болуы қаржы институтының активтері сапасының нашарлауына әкеп соқты». – делінген ҚНРДА таратқан хабарламада. 

2020 жылдың басынан бері банк клиенттері қаражатын жаппай  шешіп алып, ол банктің үздіксіз жұмыс істеуі үшін өтімділіктің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етеуіне жетпей қалған. 2020 жылдың наурызынан бері Tengri Bank төлемдер мен ақша аударымдары бойынша шарттық міндеттемелерін толық көлемде орындаған жоқ.

Қаржылық жағдайының нашарлауы жағдайында Агенттік банкке және оның ірі акционеріне қатысты 11 қадағалап ден қою шарасын қабылдап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 36 хаттама жасаған. 

«Банктер туралы заңның 42-бабы 5-тармағының талаптарына сәйкес банктің ірі қатысушылары банктің меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерін талап етілетін деңгейде қолдау жөнінде шаралар қабылдауға міндетті. 2020 жылғы наурызда Агенттік Банктің ірі акционеріне қатысты 2020 жылғы 30 сәуірге дейінгі мерзімде 23 млрд теңге сомаға үстеме капиталдандыру жөніндегі талап түрінде мәжбүрлеу шарасын қабылдады, ол орындалған жоқ».

2020 жылғы сәуір-маусымда Punjab National Bank 16,9 млрд теңге сомаға қорландыруды қамтамасыз етті, ол банктің клиенттері алдындағы міндеттемелерін азайтуға пайдаланылды. Реттеуші тарапынан күшейтілген қадағалау режимінің шеңберінде проблемалық қарыздарды қайта қаржыландыру және өндіріп алу жөніндегі шаралар қабылданды, соның нәтижесінде банктің міндеттемелері 26,4 млрд теңгеге төмендеді. Корпоративтік басқарудың тиімді жүйесінің болмауы және банктің мажоритарлық
және миноритарлық акционерлері арасындағы ішкі корпоративтік даулардың сақталуы да
банктің қаржылық жағдайының нашарлауын қиындата түсті.Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес банктің қаржылық жағдайының нашарлауына әкеп соққан Банк акционерлері мен менеджментінің әрекетіне құқықтық бағаны тиісті органдар беретін болады.

Акционер тарапынан банкті үстеме капиталдандыру ниетінің болмауына байланысты Агенттік банкті лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдаған. 

 

Сондай-ақ оқыңыз