Тағы бір банк жоқ. Сот Tengri Bank-ті тарату туралы шешім шығарды
5 қараша күні Алматының мамандандырылған экономикалық соты «Tengri Bank» АҚ-ын тарату туралы шешім шығарды. 28 қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) осы жөнінде сотқа шағым түсірген болатын.
Сотқа шағым түсірмес бұрын, ҚНРДА 18 қыркүйек күні Tengri Bank-ті банктік және өзге де операциялар жүргізуге берілген лицензиясынан айырған еді. Банкті лицензиясынан айыруға: пруденциялық нормативтерді және сақталуға міндетті басқа да нормалар лимитін жүйелі түрде бұзу, қадағалап, ден қою шараларын жүйелі түрде орындамау, уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамауы себеп болған.
Кейіннен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына Tengri bank қызметін мәжбүрлі түрде тоқтату жөнінде шағым түсірген болатын.
Судья Анар Әбілова агенттік шағымын қанағаттандыру туралы шешім шығарған. Сот үкімінің қарарында уәкілетті органға банк бөлімшелері мен өкілдіктерін есепке ала отырып, тарату комиссиясын құру жүктелетіні жазылған. Банкті мәжбүрлеп тарату жөніндегі сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап, қаржы ұйымы банктік және өзге де операцияларды іске асыра алмайды.
Одан бөлек, банк қазынаға 1 389 теңге көлемінде баж салығын төлеуі тиіс.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енбеген. Құжаттың толық нұсқасы «Сот кабинеті» арнайы порталына жүктелмеген. Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын құжат сот кабинетінде 5 күн ішінде жарияланатынын жеткізді.
Айта кетейік, жыл басынан бері банк клиенттері қаражатын жаппай шешіп алып, ол банктің үздіксіз жұмыс істеуі үшін өтімділік деңгейін қамтамасыз етуіне жетпей қалған. 2020 жылдың наурызынан бері Tengri Bank төлемдер мен ақша аударымдары бойынша шарттық міндеттемелерін толық көлемде орындаған жоқ.
Қаржылық жағдайының нашарлауына байланысты Агенттік банкке және оның ірі акционеріне қатысты 11 қадағалап ден қою шарасын қабылдап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 36 хаттама жасаған.
2020 жылғы сәуір-маусымда банк акционері Punjab National Bank 16,9 млрд теңге көлемінде қорландырып, ол банктің клиенттері алдындағы міндеттемелерін азайтуға пайдаланылды деген ақпарат тарады. Алайда бұл да көмек болмай, агенттік лицензиясынан айырып, уақытша басшылық тағайындады. Реттеуші ұйым Tengri Bank-тің қаржылық жағдайының нашарлауын оның сапасыз қарыз қоржынымен байланыстырады.
1 кыркүйекке дейін Tengri Bank елдегі екінші деңгейлі бантер арасында актив көлемі бойынша 21-орында тұрған еді. Ал Ұлттық банктің қыркүйек айының қорытындысы бойынша шығарған статистикасында Tengri Bank туралы мәлімет жоқ.
Банк салымшылары Tengri Banк-тегі ақшасын сот шешімін күтпей-ақ ала бастады.
Салымшыларға қаражатты жедел төлеу 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген және 2019 жылы Қордың ұсынысы бойынша, Ұлттық Банкпен бірлесіп жасаған заңнамалық өзгерістердің арқасында мүмкін болды. Осы өзгерістерге сәйкес, Қор сот шешімін күтпей-ақ, өзіне кепілдік берілген өтемді төлеу бойынша міндеттемелерді қабылдайды.