TengriBank-тің бұрынғы басшыларына 5,4 млрд теңге жымқырды деген айып тағылып отыр

Жарияланды (жаңартылды )
Бұл жөнінде Қаржы мониторинг комитеті мәлімдеді

«TengriBank» АҚ бұрынғы басшыларына банктің 5,4 млрд. теңге қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр.  Бұл жөнінде ҚР Қаржы Министрлігі Қаржы мониторинг комитеті хабарлады. 

«ҚР Қаржы Министрлігі Қаржы мониторинг комитетінің экономикалық тергеу қызметінің басшылығымен құрылған  ведомствааралық жедел-тергеу тобы «дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 189 бабы 4 бөлігі 2 тармағы (аса ірі көлемде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде», – делінген хабарламада. 

9 қараша күні Алматы қаласы тергеу сотының санкциясымен 2 айға дейін қамауға алу бұлтартпа шарасы:
–    Банктің бұрыңғы Төрағасының орынбасары Ильясов Бахтияр Әбдінұрұлына;
–    Банктің Алматы қалалық филиалы басшысының орынбасары Жадықов Әсет Өрісбайұлына;
–    Банк қызметкерліренің бақылауындағы мекеме басшысы Жылқыбаева Назгүл Маманшалқызына (жалған құжаттар арқылы 3 млн. АҚШ доллары көлемінде қайтарымсыз несие алған) санкцияланған. 

«Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байналысты жарияланбайды», -деді Қаржы мониторинг комитеті.

Айта кетейік, жыл басынан бері банк клиенттері қаражатын жаппай шешіп алып, ол банктің үздіксіз жұмыс істеуі үшін өтімділік деңгейін қамтамасыз етуіне жетпей қалған. 2020 жылдың наурызынан бері Tengri Bank төлемдер мен ақша аударымдары бойынша шарттық міндеттемелерін толық көлемде орындаған жоқ.

Қаржылық жағдайының нашарлауына байланысты Агенттік банкке және оның ірі акционеріне қатысты 11 қадағалап ден қою шарасын қабылдап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 36 хаттама жасаған.  

2020 жылғы сәуір-маусымда банк акционері Punjab National Bank 16,9 млрд теңге көлемінде қорландырып, ол банктің клиенттері алдындағы міндеттемелерін азайтуға пайдаланылды деген ақпарат тарады. Алайда бұл да көмек болмай, агенттік лицензиясынан айырып, уақытша басшылық тағайындады. Реттеуші ұйым Tengri Bank-тің қаржылық жағдайының нашарлауын оның сапасыз қарыз қоржынымен байланыстырады. 

1 кыркүйекке дейін Tengri Bank  елдегі екінші деңгейлі бантер арасында актив көлемі бойынша  21-орында тұрған еді. Ал Ұлттық банктің қыркүйек айының қорытындысы бойынша шығарған статистикасында Tengri Bank туралы мәлімет жоқ. 

Банк салымшылары Tengri Banк-тегі ақшасын сот шешімін күтпей-ақ ала бастады. 
Салымшыларға қаражатты жедел төлеу 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген және 2019 жылы Қордың ұсынысы бойынша, Ұлттық Банкпен бірлесіп жасаған заңнамалық өзгерістердің арқасында мүмкін болды. Осы өзгерістерге сәйкес, Қор сот шешімін күтпей-ақ, өзіне кепілдік берілген өтемді төлеу бойынша міндеттемелерді қабылдайды..

Ал 18 қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Tengri Bank» АҚ-ын банктік және өзге де операцияларды жүргізуге берілген лицензиясынан айырған еді.  Банкті лицензиясынан айыруға: пруденциялық нормативтерді және сақталуға міндетті басқа да нормалар лимитін жүйелі түрде бұзу, қадағалап, ден қою шараларын жүйелі түрде орындамау, уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамауы себеп болған. 

5 қараша күні Алматының мамандандырылған экономикалық соты «Tengri Bank» АҚ-ын тарату туралы шешім шығарды. 28 қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі  (ҚНРДА) осы жөнінде сотқа шағым түсірген болатын.

Судья Анар Әбілова  агенттік шағымын қанағаттандыру туралы шешім шығарған.
 

Сондай-ақ оқыңыз