2020 жылы мемлекет қаржысын ең көп жұмсаған мекемелер

Жарияланды (жаңартылды )
Мемлекеттік сатып алу бойынша

2020 жылы мемлекеттік сатып алуға «Алматы қаласы жайлы қалалық орта» басқармасы ең көп қаржы жүмсаған. Биыл басқарма 230,7 млрд теңгеге 652 келісім жасапты. Одан кейінгі орында –  Нұр-Сұлтан қаласының құрылыс басқармасы. Бұл мекеме биыл сатып алулар порталы арқылы 184,3 млрд теңгеге 395 келісім жасаған. Ал үшінші орында ҚР Білім және ғылым министрлігі тұр. Биыл министрлік порталда 417 келісім жасап, 142,1 млрд теңгені игерген. 

Ал «Шымкент қаласы құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен «Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» –  төртінші және бесінші орында. Шымкенттің құрылыс басқармасы 135,7 млрд теңгеге 757 келісім жасаса, Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық  басқармасы 133,7 млрд теңгені игерген.

Бұл келісімдер негізінен жаңа ғимарат, мектеп, жол мен инженерлік желі салу қызметтеріне тапсырыс беру, сондай-ақ көп балалы отбасыларға арналған баспана салу бойынша жасалған. Білім министрлігі кітап шығару және техникалық қызметке тапсырыс берген.

Одан кейінгі тапсырыс берушілердің бестігі мынандай:

 Мекеме атауы  Келісім саны  Сомасы, теңге 
6 «Түркістан облысының құрылыс басқармасы» ММ 307     127 951 913 744.27
7 «Алматы қаласы қалалық мобилділік басқармасы» ММ 251    115 021 159 219.64
8 Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» ММ 473    113 368 759 987.74
9 «Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ 132     98 338 705 627.35
10 «Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы» КММ 284     95 809 060 648.55

Бұған дейін қызметі қымбат, мемлекеттік тапсырысты молынан алған компаниялар туралы жазған едік. Бұл тізімнің басында «Bazis Construction» ЖШС тұр. Құрылыс компаниясы биыл жалпы сомасы 204 млрд теңгеден асатын қаржыға 35 келісім жасаған. Компания Түркістан, Шымкент, Түркістан облысының құрылыс басқармалары, Алматы қаласы жайлы қалалық орта басқармаларының тапсырысын орындап жатыр. 

«Bazis Construction» ЖШС-нан кейін мемлекеттік тендерді көп ұтқан компания – «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС. Аталмыш компания 2020 қаржы жылында жылпы сомасы 104,5 млрд теңгеге 32 келісім жасаған екен. Ең ірі мемлекеттік тапсырыс алған компаниялар үштігін «KAZPACO» (КАЗПАКО) ЖШС түйіндейді. Компания жалпы сомасы 104 млрд теңгеге 15 келісім жасаған.

Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметі бойынша, 4-5 орындарда  «Казахдорстрой» компаниясы мен «Азия» фирмасы жайғасқан. Биыл «Казахдорстрой» компаниясы 90,6 млрд теңгеге 24 шарт жасасса,  «Азия» Фирмасы 73,3 млрд теңгенің 45 шартына қол қойған. 

Сондай-ақ оқыңыз