Capital Bank салымшыларының ақшасы 3 шілдеден төлене бастайды

Жарияланды (жаңартылды )
Агент банк ретінде «Еуразиялық банк» АҚ таңдап алынған

«Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына өтем төлеу 3 шілдеден басталады. Кепілдік берілген көлемдегі депозиттер 2022 жылдың 3 шілдесіне дейін төленеді. Агент банк ретінде «Еуразиялық банк» АҚ таңдап алынды, деп хабарлайлы  Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры.  

ҚДКҚ атап өткендей, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ депозиттерінде, ағымдағы шоттарында және төлем карточкаларында ақшалары бар жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер кепілдік берілген өтемді алуға құқылы. Кепілдік берілген өтемді төлеуге өтініштер қабылдау және өтем төлеу операциялары агент банктің бөлімшелерінде жүргізіледі. 

«Capital Bank Kazakhstan» АҚ филиалдарының тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында орналасқандығына қарамастан, салымшыларға ыңғайлы болуы үшін агент банк өтініштерді Қазақстанның басқа да елдімекендерінде қабылдайтын болады. 

«2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша эпидемиялогиялық ахуалға сәйкес Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары «қызыл» аймаққа енгізілді. Сондықтан агент банктің осы қалалардағы бөлімшелері алдағы демалыс (мереке) күндері жұмыс істемеуі мүмкін. Бұл ретте салымшылар өтем алу үшін басқа кез келген күндері өтініш бере алады. ҚДКБҚ салымшыларға агент банктің бөлімшелеріне барудан алдын, оның сайты арқылы бөлімшелердің жұмыс істеу тәртібі және қаншалықты жұмысбасты екендігін алдын ала біліп алуға кеңес береді» делінген хабарламада. 

Өтемді алу үшін салымшы өтініш толтырып, жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі қажет. Егер салымшының орнына басқа тұлға өтініш беретін болса, онда құқық белгілеуші құжаттар ұсынылады. Мысалы, нотариус куәландырған мұрагерлік құқығы туралы куәлік немесе сенімхат. Кепілдік берілген өтем салымшыға оның құжаттары агент банкке келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді.  

«Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшысының банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, Қор олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте әрбір салым түрі бойынша белгіленген лимиттер ескеріледі. Мысалы, шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті сома жоғарыда көрсетілгеніндей валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды.

Егер салымшы төлем басталған күннен бастап бір жыл ішінде (2021 жылдың 3 шілдесінен бастап 2022 жылдың 3 шілдесіне дейін) өтем алуға өтініш бермесе, онда талап етпеген ақшасы оның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотына аударылады.

Бұған деййін «Capital Bank Kazakhstan» АҚ банктік және өзге де операциялар атқару, сондай-ақ, бағалы қағаздар нарығында қызмет етуге берілген лицензиясынан айырылғанын жазған едік. 
 

Сондай-ақ оқыңыз