Chevron: Теңіз кен орнында мұнай өндірісі толық қуатына қайта оралды

Жарияланды 7 Сәуір 2026 16:32

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Теңіз кен орны толық өндіріс қуатына шықты/ фото: gemini generated

Теңізшевройл (ТШО) компаниясының бас директоры Билли Лакоби кен орнындағы өндіріс көлемі қаңтардағы апатқа дейінгі деңгейге жеткенін ресми түрде мәлімдеді.

7 сәуір күні парламент депутаттарымен кездескен ТШО бас директоры Билли Лакоби Теңіз кен орнындағы жұмыстың толық қалпына келгенін сүйіншіледі. Ел экономикасының күретамыры саналатын бұл нысандағы өндіріс көрсеткіштері жоспарлы межеден де асып түскен.

Апаттан кейінгі серпіліс

Қазақстандағы жалпы мұнай өндірісінің 40%-ын қамтамасыз етіп отырған Теңіз кен орны 18 қаңтарда электр жабдықтарының өртенуіне байланысты жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтатқан болатын. Төтенше жағдайдан кейін Энергетика министрлігі 31 қаңтарда өндірістің қайта басталғанын хабарлаған.

«Жақында ғана ТШО өндірістік алаңында орын алған электрмен жабдықтау жүйесіндегі қиындықтарға қарамастан, бүгінде Теңіз кен орнында шикі мұнай өндірудің жалпы көлемі толық қалпына келтірілгенін нық сеніммен айта аламын», – деді Лакоби мырза.

Статистика не дейді?

Reuters агенттігінің дереккөздері ұсынған мәлімет өндірістің қарқынды өсіп жатқанын растайды.

Мұнай өндірісі ақпан айында тәулігіне 590 000 баррельді құраса, наурызда бұл көрсеткіш 19%-ға артып, орташа есеппен тәулігіне 700 000 баррельге жеткен.

Тіпті 31 наурыз күні өндіріс көлемі 978 000 баррельге дейін көтеріліп, жоспарланған 930 000 баррельдік межеден айтарлықтай асып түсіп, рекорд нәтиже көрсетті.

Бәрібір де жылдық жоспарға әсер етпек

Қаңтарда өндірістің тоқтауы мен Каспий құбыр консорциумы (КҚК) желісімен мұнай экспортының шектелуі жылдық шикізат өндіру жоспарына әсер етпей қоймады. Осы факторларға байланысты Қазақстан үкіметі 2026 жылға арналған мұнай өндіру болжамын бұған дейін бекітілген 100,5 млн тоннадан 96-98 млн тоннаға дейін төмендетуге мәжбүр болды.

Қазақстан мұнайы CPC Blend қоспасы 7 сәуірдегі жағдай бойынша 124,6 доллардан сатылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз