
Қостанайлық «Тобыл» футбол клубының жаңа иесі анықталды. Olzha Agro агрохолдингі клуб құрылтайшыларының құрамына кіріп, команданы басқаруды және оның алдағы дамуына жауапкершілікті өз мойнына алды. Kursiv.Media «Тобылдың» жаңа қожайыны кім екенін, Olzha Agro немен айналысатынын және клубтың қазіргі қаржылық әрі спорттық жағдайын зерттеп көрді.
«Тобылдың» жаңа иесі кім?
Клубты басқаруға келген Olzha Agro-ның бас директоры әрі тең иелерінің бірі – Әлішер Ходжаназаров. Ол агрохолдингті 2023 жылдан бері басқарады. Бұған дейін компанияда бас директордың орынбасары қызметін атқарған.
Kursiv.Media бұған дейінгі зерттеуінде Olzha Agro-ның тең иелері Әлішер Ходжаназаров пен Дінмұхамед Шахасанов екенін жазған. Әлішердің ағасы Айдарбек Ходжаназаров бұған дейін агрохолдингті басқарған, қазір Құрылтай депутаты.
Жаңа басшылық алдымен клубтың қаржылық жағдайы мен ішкі процестерін зерттемек. Ходжаназаров негізгі басымдық ретінде қаржы ағынының ашықтығын, тиімді менеджментті және балалар академиясын дамытуды атады. «Қайратты» 4:1 есебімен жеңгеннен кейін жаңа басшылық футболшыларға 30 млн теңге сыйақы беретінін де жариялаған.
Сонымен бірге клуб жекеменшік басқаруға өткенімен, мемлекеттік қаржыландыру бірден тоқтамайды. 2026 жылы «Тобылға» бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. Әкімдік алдағы бес жылда клубтың коммерциялық табысы мен жеке қаржы үлесі өскен сайын бюджет қолдауын біртіндеп қысқартуды жоспарлап отыр.
Olzha Agro қандай компания?
Olzha Agro – Қостанай облысындағы ірі агроөнеркәсіп холдингтерінің бірі. Компания егін шаруашылығымен, ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығымен, астық пен майлы дақылдарды сақтау және экспорттаумен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен және агротехника өндірісімен айналысады.
Холдингтің қазіргі көрсеткіштері бойынша жалпы жер көлемі шамамен 600 мың гектар: оның 380 мың гектары егістік, 220 мың гектары жайылым. Астық сақтау қуаты 1 млн тоннаға жуық, диірмені тәулігіне 300 тонна өнім өңдей алады. Компаниялар тобында шамамен 4 мың адам жұмыс істейді.
Холдинг құрылымында Қостанай облысындағы ондаған ауыл шаруашылығы кәсіпорны бар. Бұған қоса компания астық экспорты, сүт және ет өнімдерін шығару, техника жасау бағыттарында да жұмыс істейді.
«Тобыл» қанша салық төлейді?
Kursiv Media бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сүйеніп, Қазақстан Премьер-лигасы клубтарының 2025 жылғы салық төлемдерін есептеген.
Сол зерттеуге сәйкес, «Тобыл» 2025 жылы бюджетке 491,3 млн теңге салық төлеген. Бұл көрсеткіш бойынша қостанайлық клуб ҚПЛ командаларының ортаңғы тобында орналасқан. Жалпы 16 клуб бір жылда бюджетке 7,74 млрд теңге аударған.
Спорттық нәтиже жағынан «Тобыл» қазір ҚПЛ кестесінде 7-орында тұр. Команда 25 кездесуден кейін 34 ұпай жинады: 10 рет жеңіп, төрт матчта тең түсіп, 11 ойында жеңілген. Соңғы турда қостанайлықтар Алматыда «Қайратты» 4:1 есебімен ұтты.

Осыған дейін қанша клуб жекеге өтті?
Мұнда «толық жекешелендіру» мен «жеке басқару немесе жеке қаржыландыруға көшу» ұғымдарын ажыратқан жөн.
Президент тапсырмасынан кейін басталған жаңа толқынды есептесек, 2026 жылғы ақпанда «Оқжетпес» жеке сектордың қаржыландыруына өткен жетінші клуб болған. Оған дейін «Ордабасы», «Шахтер», «Жеңіс», «Ақтөбе», «Қызылжар» және «Қайсар» жеке компаниялармен әріптестік немесе жеке басқару моделіне көшкен еді.
Одан кейін «Атырау» да жекешелендірілді. 2026 жылғы маусымда клубтың 100% үлесі Caspian Football Group компаниясына беріліп, жаңа иесі кәсіпкер Болат Қонарбай болды.
Осы есеппен, «Тобылға» дейін кемінде сегіз клуб жаңа жекешелендіру толқыны аясында жеке сектордың басқаруына немесе қаржыландыруына өткен. «Тобыл» – тоғызыншы. Бұл есепке бұрыннан жекеменшік саналатын алматылық «Қайрат» кірмейді. «Қайрат» жеке басқару моделіне 2010-жылдардың басында көшкен.